СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында көлік жүргізушілеріне жаңа мемлекеттік тіркеу нөмірлері беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» Абай облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 21 қыркүйекте көлік жүргізушілеріне мемлекеттік тіркеу нөмірлері беріле бастады.
«Облыс тұрғындарына беріліп жатқан мемлекеттік тіркеу нөмірлерінде 18-аймақ белгісі бар. Таңертеңнен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келген көлік жүргізушілеріне жаңа нөмірлер берілуде. Дәл қазіргі сәтте мемлекеттік тіркеу нөмірін 8 адам алды», - дейді филиал мамандары.
Айта кету керек, жаңадан құрылған өңір тұрғындарына бұрынғы көлік нөмірлерін ауыстырудың қажеті жоқ.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.