18 сәуір. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 18 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік радио әуесқойлар күні
1925 жылдың 18 сәуір күні құрылған Халықаралық радио әуесқойлар одағының құрылуына байланысты аталып өтеді.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға қашалған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Алматыда Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 100-ден астам ірі халықаралық және ұлттық компаниялардың басшылары жиналды.
1996 жылы Алматыда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер өкілдерінің халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
2005 жылы қазақстандық эколог Қайша Атаханова қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі үшін халықаралық Голдман сыйлығының иегері атанды.
Қайша Атаханова — төмен және орташа радиоактивті қалдықтарды басқа мемлекеттерден Қазақстанға әкелуге наразылық науқанын ұйымдастырған. Ол — биолог, радиоактивті сәулелердің зардаптарын зерттейтін маман, Қарағандыдағы экологиялық орталықтың негізін қалаушысы және жетекшісі.
Экологиялық Голдман сыйлығын 1990 жылы қоғам қайраткері Ричард Голдман және оның жұбайы Родо бекіткен.
15 жыл ішінде Голдман сыйлығын 65 елдің 107 табиғат қорғаушылары алған. Экологиялық сыйлықтың иегерлерін, бүкіләлемдік желі ұсынған экологиялық ұйымдар және жеке тұлғаларды халықаралық қазылар алқасы сайлайды.
2011 жылы қазақстан экспорттаушылары ILAC-MRA белгісін пайдалану құқығына ие болды. ILAC-MRA комбинациялық белгі Ұлттық аккредиттеу орталығында аккредитацияланған зертханалардың сынақ хаттамаларында қолданылатын болады.
2013 жылы белгілі қазақстандық жазушы Мұхтар Әуезовтің құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Бішкектің орталық көшелерінің бірі қазақ жазушысының есімімен аталды.
2013 жылы Қазақстан футболының 100 жылдығын мерекелеудің ресми эмблемасы бекітілді. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің түлегі Динара Чукееваның жұмысы байқауда үздік деп танылды.
2016 жылы Ресей Батыры, РФ ІІМ ішкі әскерлерінің полковнигі Серік Сұлтанғабиевті Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестігінің өкілдері Бауыржан Момышұлының орденімен марапаттады. ҚР Ардагерлер ұйымының қоғамдық наградасы Мәскеудің белгілі қорғаушысы, панфиловшы батыр, Кеңес Одағының батыры, полковник Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Бұл орденмен әскери ұрыстарда ерекше көзге түскендер және әскери борышын орындаған кезінде ерлік танытқан әскерилер, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ардагерлер қозғалысына қомақты үлес қосқан тұлғалар марапатталады.
2017 жылы қытайлық Hunan TV телеарнасы «I am a Singer» жобасының ағымдағы маусымында сәтті өнер көрсеткен, Қытайда ғана емес, бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрерменнің кумиріне айналған Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсірді.
2019 жылы «Қазіргі қазақ әдебиеті жаһандық әлемде» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы аударылды және алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне басылып шығады. ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева БҰҰ-ның алты көлемінде қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін аудару және тарату жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тілдерді дамыту — ұлт тарихында теңдесі жоқ қазақ әдебиетімен әлемді таныстырудың теңдессіз бастамасы.
2020 жылы Халықаралық Түркі академиясы өзінің ғылыми еңбектерін оқуға еркін қол жеткізді, оның мазмұны түркі әлемінің тарихын, бай әдеби мұраны, тарихи жазба ескерткіштері мен түркі тілдері бойынша зерттеулерді, сондай-ақ туысқан елдердің этнографиясы, фольклоры мен дәстүрлері бойынша еңбектерді қамтиды. Онлайн кітаптар қазақ, түрік, әзербайжан, ағылшын, қырғыз, орыс, моңғол тілдерінде, сондай-ақ басқа да көптеген туысқан халықтың тілдерінде жарық көрді.
2022 жылы Руслан Құрбанов Парижде өткен Сhallenge Monal 2022 әлем кубогында Қазақстан тарихындағы алғашқы күміс медалін жеңіп алды.
2024 жылы Президент Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Саха Республикасы (Якутия) арасындағы көпқырлы байланыстар өте қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айқын дәлелі — өзара тауар айналымы көлемінің айтарлықтай артуы.
2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан өнер шеберлерінің гала-концертін тамашалады. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шарада екі елдің белгілі мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры әртістері, «Гүлдер», «Астана сазы» және «Арқасыры» (Қырғызстан) шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама аясында «Манас» эпосынан үзінділер оқылып, екі халықтың әйгілі музыкалық шығармалары орындалды.