18 шілде цифрлық теңге қолданысқа енеді

АСТАНА. KAZINFORM — 18 шілде цифрлық теңге қолданысқа енгізіледі. Ол «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына сай жүзеге аспақ .

Коллаж: Kazinform/ Canva

Заңға сәйкес, цифрлық теңгемен алыс-беріс ҚР Ұлттық банкінің цифрлық платформасында жүргізіледі.

Алдымен азаматтар ҚР Ұлттық банкі жəне цифрлық теңге платформасының өзге де қатысушыларымен цифрлық шот шартын жасасуы тиіс. Содан кейін клиенттің өтінімі негізінде цифрлық шоты ашылады.

— Цифрлық теңге платформасының операторымен жасалған шарттың негізінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, орталық депозитарий, ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айқындаған көрсетілетін төлем қызметтерін өзге де берушілер мен заңды тұлғалар цифрлық теңге платформасына қатысушылар бола алады, — делінген заңда.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету тетігі енгізілетінін жазғанбыз.