ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын(1947) «Интеграция-Астана» ЖШС Бас директоры Владимир Карлович ГАРТМАН дүниеге келді.
Ақмола облысы Шортанды ауданының Ағанас ауылында туған. 1971 жылы Целиноград ауылшарушылық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша, 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебін «саясаттанушы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1971-1976 жылдары «Октябрь» кеңшарында инженер, цех бастығы, 1976-1984 жылдары «Урюпинский» кеңшарының директоры, 1984-1985 жылдары Шортанды аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1985-1988 жылдары Шортанды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1988-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің инспекторы, 1989-1992 жылдары Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1997 жылдары аппарат басшысы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, 1997-1998 жылдары Ақмола облысының әкімі.
Қазіргі қызметінде 1998 жылдың желтоқсанынан.
76 жыл бұрын (1948) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Републикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Мәмбет Құлжабайұлы ҚОЙГЕЛДИЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Шу ауданының Төле би ауылында дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттік университетін, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1968-1971 жылдары ауыл мектебінде мұғалім, Жамбыл облыстық мұрағатының ғылыми қызметкері, 1971-1989 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) доценті, 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, 1991-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның жаңа тарихы кафедрасының меңгерушісі, аталған университет жанындағы Біліктілікті арттыру институтының директоры, тарих факультетінің деканы, 2002-2006 жылдары ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметін атқарған. 2004 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстанның жаңа және қазіргі заманғы тарихы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті; «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарих және этнография бөлімінің меңгерушісі.
Отан тарихының жаңа заман кезеңі бойынша маман, педагог-ғалым, 400-ден астам қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, ұлттық саяси басқарушы топ, саяси репрессия тарихына арналған 400-ден астам жариялыным авторы. Вена қаласының халықаралық университетінің Құрметті профессоры (Аустрия, 2007), Халықаралық Сократ («Socrates international Award» Оксфорд, Ұлыбритания, 2007) және Халықаралық Бейбітшілк сыйлықтарының иегері, Қызылорда мемлекеттік униврситетінің Құрметті профессоры.
Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай және басқа да қайраткерлердің еңбектерін дайындап, басып шығарды. «Отан тарихы» журналының бас редакторы, «Ақиқат», «Қазақ тарихы», «ДА» және т.б. журналдардың редакциялық алқасының мүшес болды. Қазақстан атынан халықаралық ғылыми форумдарға (Иран, Жапония, Түркия) қатысты.
56 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінің әскери атташесі Ұларбек Ташықұлұлы ӘБІКЕЕВ дүниеге келді.
Талас облысында туған. 1990 жылы инженерлік әскерлер маршалы А.Прошляков атындағы Түмен жоғары әскери командалық инженерлік училищесін «Құрлықтағы әскерлердің ұрыс қимылдарын инженерлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру» біліктілігі бойынша, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын Мотоатқыштар бөлімдерін және құрамаларын жауынгерлік қолдану біліктілігі бойынша, 2006 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2010 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын «Мемлекеттің әскери қауіпсіздігі» біліктілігі бойынша, 2015 жылы Беларусь Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын «Мемлекеттік және әскери басқару органдары» біліктілігі бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1990 жылы Владикавказдағы 27981 әскери бөлімінің взвод командирі, 1990-1992 жылдары Түрікмен КСР Янгаджа кентіндегі 46103 әскери бөлімінің құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету ротасының командирі, 1992-1993 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің взвод командирі, 1993 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің рота командирі болды. 1993 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімі штаб бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі аға көмекшісі, 1993-1994 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің автомобиль ротасының командирі, 1994 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 5449 әскери бөлімінің 1-патрульдік батальонында штаб бастығы - командирдің орынбасары қызметін атқарған. 1994-1996 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 5449 әскери бөлімінің 1-патрульдік батальонының командирі, 1996-1997 жылдары Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімінің штаб бастығы, 1997-1998 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі 5516 әскери бөлімінің командирі, Теміртау, Қарағанды облысы, 2000-2002 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Шымкент қаласы, 6506 әскери бөлімі штаб бастығы - командирдің орынбасары, 2002-2003 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің командирі, 2003-2004 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің 6697 әскери бөлімінің командирі, Қостанай қаласы, 2004-2005 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитеті Астана қаласы бойынша жауынгерлік даярлық департаменті арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлік-әдістемелік даярлығы бөлімінің бастығы, 2005-2008 жылдары Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі 942 жеке азаматтық қорғаныс полкінің полк командирі, 2008-2009 жылдары Алматы облысы Қаракемір ауылындағы ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің 6654 әскери бөлімі командирінің орынбасары, 2009-2013 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінің Астана қаласы бойынша Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, 2015-2016 жылдары ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы штабының бастығы, 2016-2019 жылдары ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – Қарағанды қаласы штабының бастығы, 2019-2020 жылдары инспекциялық-талдау басқармасының бастығы – ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы Әскери кеңесінің хатшысы лауазымын атқарған. 2020 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
49 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің аппарат басшысы Жомарт Амангелдіұлы ӘБИЕСОВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебімен бірлескен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің магистрі.
Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің «Резерв» РМК бас маманы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, ҚР Үкіметі және ҚР Ұлттық Банкі жанындағы «Ұлттық талдау орталығында», ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде жұмыс істеді.
2002 жылдан бастап ҚР Президент Әкімшілігінің Жүйелік зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі, бас инспекторы, басшы орынбасары, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында қызмет етті.
2008 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, 2011-2014 жылдары «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы, 2014-2015 жылдары «ҚР Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы» РМК директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2016-2019 жылдары «Астана» ХҚО басқарушысының кеңесшісі, «Қазпошта» АҚ трансформация жөніндегі басқарушы директоры, «Каспий ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы, Стратегиялық бастамалар орталығының басқарушы серіктесі болды. 2019-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары, мемлекеттік инспекторы, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарды.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы қаңтардан бастап атқаруда.
Экономика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденімен марапатталған.
47 жыл бұрын (1977) Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Баритұлы ТЕМІРЖАНОВ дүниеге келген.
Ақмола облысы Бурабай ауданы Наурызбай батыр ауылында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін бітірген, АӨК салаларындағы инженер-экономист; Қазақ гуманитарлық заң университеті, заңгер бакалавры.
1998-2000 жылдары Көкшетау қаласы бойынша Салық комитеті жеке тұлғалар бөлімінің салық инспекторы, 2000-2001 жылдары Ақмола облысы бойынша Салық комитеті аудит бөлімінің бас салық инспекторы, 2001 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданы бойынша Салық комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, 2001-2006 жылдары «Рамут» ЖШС қаржылық директоры, 2008-2011 жылдары «Баймырза-Агро» ЖШС бас директоры болып жұмыс атқарды. 2008-2013 жылдары «Рамут корпорациясы» ЖШС қаржылық директоры, бас директоры, 2013-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығының Астана қаласындағы консультанті, 2014-2016 жылдары «AgroInterTech» ЖШС бас директоры, 2012-2013 жылдары бесінші сайланған Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, Ақмола облысы «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының мүшесі болды. 2015-2016 жылдары бесінші сайланған Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі. ФМБ НЗМ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Көкшетау қаласы, Ш. Уәлиханов атындағы университеттің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Ақмола облысы бойынша «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшесі болды. 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.
2021 жылдан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен (2009), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР мәслихатына 20 жыл» медальдарымен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Қазақстан полициясына 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.
35 жыл бұрын (1989)Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Сұлтан Саятұлы ОРАЗБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. 2011 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экология мамандығы бойынша, 2012 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша, 2021жылы Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2014-2015 жылдары Талдықорған қаласы «Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасы» КММ-нің әскери есепке алу және резервке алу жөніндегі маманы, 2015-2017 жылдары Талдықорған қаласы «Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасы» КММ әскери есепке алу және резервке алу бөлімінің бастығы, 2017-2022 жылдары Талдықорған қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. 2022 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Жұмылдыру дайындығы департаментінің Жұмылдыру дайындығы және қорғаныс жүйесін дамыту департаментінің сарапшысы болып жұмыс істеді. 2022-2024 жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдың маусымынан бастап атқарып келеді.