18 жасқа дейінгі хоккейшілер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандықтар келесі жылы да «В» тобына өнер көрсететін болды

АЛМАТЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше түнде Венгрияның Секешфехерваре қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатында Бірінші дивизонның «В» тобындағы көшбасшылар 5-тур ойындарын өткізді.

Онда келесі жылы «А» тобында бақ сынауға мүмкіндік беретін жолдама сарапқа салынған болатын. Қазақстан мен Беларус құрамалары арасындағы бұл ойын 5:6 есебімен аяқталды. Василий Васильченко жаттықтыратын қазақстандықтар кездесудің бірінші кезеңінде 4:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Екінші кезеңде 0:3 есебімен қарсыластарына есе жіберіп алды. Ал үшінші кезеңде 1:0 есебімен басым түскенімен, жалпы есеп  5:6 боп аяқталды. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы келесі жылы да "В"  тобында өнер көрсететін болды, ал Беларус спортшылары "А" тобында бақ сынауға қол жеткізді.