18 жасқа толған 137 мыңнан астам жас алғаш рет дауыс берді

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 18 жасқа толған 137 мыңнан астам жас алғаш рет референдумда өздерінің дауыс беру құқығын қолданды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті.

— Дауыс беру қорытындылары бұл — қазақстандықтардың азаматтық таңдауының көрінісі. Оны біз құрметтеуге және қабылдауға тиіспіз. Азаматтардың референдумға қатысуы бұл — шын мәнінде олардың мемлекет ісіне араласуының, өз жауапкершілігін түсінудің және шешім қабылдауға қатысуға дайын екенінің көрсеткіші. Біз бұрын атап өткендей, 38 шет мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның 359 халықаралық байқаушысы, шетелдік БАҚ-тың 206 өкілі қатысқан болатын. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларының бағалауы бойынша референдум қолданыстағы ұлттық заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілді, — деді комиссия төрағасы.

Нұрлан Әбдіровтің сөзіне қарағанда, шетелдік байқаушылар жаңа Конституция жобасының қоғам мен сарапшылар арасында жария түрінде кеңінен талқыланғанын, ұсынылып отырға конституциялық реформаға қоғамның үлкне қызығушылық танытып отырғанын және халықтың өз еркін білдіру процесіне деген сенімінің жоғары екенін де атап өтті.

— Байқаушылардың бағалауынан азаматтық қоғам өкілдерінің референдумға белсенді қатысқаны да атап көрсетілген. Мәселен, аумақтық референдум комиссияларының деректері бойынша дауыс беру күні референдум учаскелерінде 256 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың 45 мыңнан аса өкілі, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының 1 817 өкілі қатысты, — деді ол.

Комиссия төрағасының айтуынша, байқаушылар дауыс беруші жастар санының артқанын және мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін комиссия мүшелерінің барлық ұйымдастырушылық, техникалық жағдаймен қамтамасыз еткенін, дауыс беру учаскелерінде жақсы ахуал қалыптасқанын назарға алған.

— Осы ретте алғаш рет дауыс беруге қатысқан 18 жасқа толған азаматтардың саны — 137 093. Референдумда дауыс беруге қатысқан ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар азматтардың саны — 46 624, — деді Нұрлан Әбдіров.

Бұған дейін Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өткен жаңа Конституция жобасына қатысты референдумның түпкілікті қорытындысын шығарған еді.