18 жастағы Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде бірден 241 сатыға жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары белгілі болды.
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-орында қалса, Александр Шевченко 96-дан 95-ке ауысты.
Дмитрий Попко 224-тен 223-ке көтерілсе, Тимофей Скатов 239-ға тұрақтады. Бейбіт Жұқаев 279-дан 280-ге, Михаил Кукушкин 294-тен 299-ға төмендеді.
Жаңартылған рейтингіде ерекше серпіліс жасаған қазақстандық теннисшінің бірі Денис Евсеев болды. Өткен аптада Исламабад (Пәкістан) челленджер турнирінің жартылай финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші 404-тен бірден 371-ге шықты.
Сондай-ақ Монастирдегі (Тунис) жарыстың жартылай финалына дейін барған 18 жастағы Әмір Омарханов 241 сатыға жоғарылап, 1 100-ден 859-ға көтерілді.
Григорий Ломакин де өз көрсеткішін жақсартып, 975-тен 961-ге ауысты.
Сондай-ақ 1 742-орынға жайғасқан 17 жастағы Заңғар Нұрланұлын да атап өтуге болады.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингісінде бұрынғыша үздік бестікті түйіндеп тұр.
Юлия Путинцева 72-орында қалса, Аустралия ашық чемпионатына жолдама алған Зарина Дияс 283-тен 284-ке, Жібек Құламбаева 331-ден 334-ке түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Аустралия ашық чемпионатына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев жұптық сында Пәкістандағы жарыстың жеңімпазы атанды.