АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 18 жастағы Әмір Омарханов жұптық сында Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінің финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші италиялық Маттео Сибашимен бірге фаворит саналмаса да, үш кездесуін жеңіспен аяқтай білді.
Әсіресе, ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, ресейліктер Сергей Бетов — Даниил Остапенковтан айласын асырып кетті — 6:4, 6:1.
Бүгін қазақстандық-италиялық дуэт тағы бір сенсация жасап, доданың 3-ракеткалары, тунистік Азиз Оуака — алжирлік Туфик Сахталиды қапы қалдырды — 6:3, 6:4.
Әмір Омарханов — Маттео Сибаши соңғы бәсекеде доданың 4-ракеткалары, франциялықтар Алехандро Пуэ Аубриот — Сезар Бушелагеммен чемпиондық атақ үшін таласады.
Жекелей сында әлемдік рейтингіде 774-орында тұрған Ә.Омарханов екінші айналымда әлемнің 458-ракеткасы, франциялық Томас Форелден 3:6, 1:6 есебімен ұтылып, ширек финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубайдағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.
Анна Данилина Дубайдағы турнирдің финалынан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).