АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, 18 жастағы Соня Жиенбаева Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің ширек финалына шықты.
Дүниежүзілік рейтингіде 1246-орында тұрған жас теннисші алдымен әлемнің 896-ракеткасы, болгариялық Дия Евтимовадан 6:4, 6:1 есебімен айласын асырды.
Жиенбаева бүгін екінші айналымда әлемнің – 524, осы жарыстың 1-ракеткасы, 18 жастағы ресейлік Александра Шубладземен кездесуде сенсация жасады. Соня Шубладзені 6:3, 7:5 есебімен жарыс жолынан тайдырды.
Енді Соня жартылай финалға өту үшін рейтингіде 1001-сатыдағы аустриялық Мавие Остерейхермен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың жұптық сында Мексикадағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Анна Данилина Қазақстан – Жапония матчын бастайды.
Сонымен қатар Қазақстан – Жапония текетіресінде Зарина Диястың неге ойнамайтыны белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).