АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 18 жастағы Әмір Омарханов Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінің ширек финалына шықты.
Өткен аптада Монастирдегі дәл осындай жарыста қатарынан бес кездесуін жеңіспен аяқтаған Қарағанды теннис мектебінің түлегі кәсіби жолында алғаш рет ITF титулына ие болған еді.
Сол табысы нәтижесінде ATP рейтингісінде 1 115-тен 1 100-орынға көтерілген болатын.
Әмір сәрсенбі күні алғашқы айналымда бельгиялық Луис Херманды 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Бейсенбіде швейцариялық Ноа Лепесті тас-талқан етті — 6:4, 6:0.
Осылайша, өткен аптаны қосқанда, Әмір қатарынан жеті кездесуін жеңіспен тәмамдап отыр.
Әмір Омарханов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 890-ракеткасы, үндістандық, 21 жастағы Чираг Духанмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың кәсіби жолында алғашқы титулына қол жеткізгенін жазған едік.
Сондай-ақ Исламабад турнирінде Денис Евсеев бір күнде екі кездесуін жеңіспен түйіндеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).