18 желтоқсан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 18 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық мигранттар күні

ЭКОСОС-тың ұсынысы бойынша 2000 жылғы 18 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. 1990 жылғы 19 желтоқсанда барлық еңбек етіп жүрген мигранттарды және олардың отбасын қорғау туралы халықаралық конвенция қабылданды.

БҰҰ-дағы араб тілі күні

1973 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы араб тілін БҰҰ-ның жұмыс тілдері қатарына енгізді. 2010 жылдан бері атаулы күн ретінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1979 жылы Қазақстанның батысында Теңіз мұнай кен орны ашылды. Аймақтағы алғашқы мұнай жерасты қатпарларындағы 4 045-4 095 метр тереңдіктен алынды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының «Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы шықты. 

2010 жылы Қазақстан Республикасының «Ғарыш зерттеулері мен технологиялары ұлттық орталығы» АҚ Азия аймағында жерді қашықтықтан зондпен тексеру және GIS-WEB-технологиялардың көмегімен дүлей апаттарға қарсы күрес жүргізуге бағытталған «Sentinel Asia» халықаралық жобасының толық құқықты мүшесі болды. 

2010 жылы Баянауылда Жаяу Мұсаға (1835-1929) арналған мұражай ашылды.

2013 жылы «Әдебиет порталының» электронды базасында отандық авторлардың қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көрген 2 мыңнан астам кітабы жинақталды. Бұл порталға әлеуметтік-маңызды әдебиетті шығару бағдарламасының аясында басып шығарылатын барлық кітап орналастырылып келеді. 

2015 жылы Мәскеудегі Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен жарық көрген Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан Уәлиханов» кітабының таныстырылымы өтті. Кітап көрнекті қазақ ғалымының 180 және Орыс географиялық қоғамының 170 жылдық мерейтойларына орай басылды. Ж. Бейсенбайұлы ұзақ жылдардан бері қазақтың ұлы ғалымының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысып келеді. Автор Шоқан Уәлихановтың өмірін көп жылдан бері зерттеп, қазақтың ұлы ғалымының 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» ізімен қайталай жүріп өткен, ол ғұмыр кешкен мекендерді арнайы аралап, бұған дейін осы тақырыпқа арналған «Шоқан ізімен» (1977), «Жасын тағдыр жарқылы» (1987) атты кітаптарымен оқырман қауымға танымал қаламгер. Жаңа кітапта Шоқан Уәлихановтың өмірі мен сол кезеңдегі осы уақытқа дейін белгісіз болып келген фактілер беріліп, жаңа тарихи, мұрағат құжаттарымен толықтырыла түскен. 

2016 жылы Иордан жазушысы Муна Фуад Махамрех өзінің араб тіліндегі кітабын шығарды. Кітапта Қазақстанның жаңа заман тарихы және Семей полигоны тақырыбы қозғалады.

2017 жылы қазақстандық жас әнші Данэлия Тулешова Украиндағы «Голос. Дiти» ән байқауының жеңімпазы атанды. Байқаудың төртінші маусының жеңімпазы атанған Данэлия Тулешованың әндері «Наше радио» арнасынан 3 ай бойы көрсетілді. Сонымен қатар, бүлдіршін «Disneyland Paris»-ге саяхаттау мүмкіндігін алды.

2017 жылы Германияның Ганновер қаласында өткен спорттық гимнастикадан «ZAG Junior Cup» Халықаралық жарысында Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орын, ал жекелей сында 10 жастағы Нұртан Ыдырысов чемпион атанды. Н. Ыдырысов Қазақстанның 2017 жылғы жастар чемпионатаның жеңімпазы. Ол спорттық гимнастикамен 6 жасынан бастап айналысады.

2019 жылы Димаш Құдайберген Италияның «Creators» фантастикалық кинокартинасындағы әнді орындады. Димаш Құдайберген – классикалық және эстрадалық ән айтудың шебері, түрлі вокалдық стильдерді бірге алып жүрген талант иесі.

2021 жылы Сербияда Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне пошта маркасы шығарылды.
Конвертте Белградтағы Калемегдан бекінісінде орналасқан Жеңімпаз ескерткіші мен Қазақстан астанасындағы «Қазақ елі» монументі бейнеленген.
Пошта блогында екі елдің астаналары, сондай-ақ Қазақстанның (Үлкен Алматы көлі мен Шарын шатқалы) және Сербияның (Увац өзені мен Джаволь Варош жартастары) көркем көріністері бейнеленген.