19 ақпан. Жылнама

Фото: Kazinform/Midjourney

Kazinform оқырман назарына 19 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік киттер (мұхит пен теңіз сүтқоректілер күні) күні

Бүкіләлемдік киттер күні – 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы 19 ақпанда Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау мен кит етін сатуға тыйым салған. Бірақ 19 ақпан киттерді ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді мүлдем жойылу алдында тұрған бірегей бір сүтқоректіні қорғауға арнайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан мен Аустрия Республикалары арасында алдағы уақытта саяси-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының құрамасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда қазақстандық спортшылар бір алтын және екі күміс жүлдені жеңіп алды.

2009 жылы Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды.

2013 жылы Тараз қаласының маңынан археологтер бірқатар құнды жәдігерлер, атап айтар болсақ, 45 алтын әшекей фрагменттері, жерленген адамның және жыртқыш құстардың, аң аулайтын бүркіттердің сүйектері табылды. Жерлеу «ерте темір» дәуіріне, яғни, біздің заманымызға дейінгі I-III ғасырларға жатады. Жерленген адамға келетін болсақ, археологтер оның сақ ақсүйектерінің өкілі екеніне сенімді.

2013 жылы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы Ауғанстаннан Қазақстан Республикасының аумағы арқылы теміржол және әуе көлігімен әскери техника мен жеке құрамды транзиттеу туралы келісімге қол қойды. Қауіпсіздікке жәрдемдесетін халықаралық күштер (ISAF) миссиясының басқа қатысушыларымен қол қойылғанға ұқсас келісімдер бұрын жасалған болатын - бұл АҚШ, Германия, Испания, Ұлыбритания және Франция, сондай-ақ тұтастай алғанда халықаралық ұйым ретінде НАТО.

2014 жылы Ақтауда Түрікменстанның консулдығы ашылды. Бұл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

2015 жылы Мәскеудегі Ардагерлер үйінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл тарихи деректі фильм Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 19 жастағы Талғат Бигелдиновтің тағдыры туралы баяндайды. 1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда талай қиындықтарды бастан кешіп, ерліктің мәңгі өшпес үлгілерін көрсеткен батырдың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Талғат Бигелдинов өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Бұл ұшақты фашистер «Қара ажал» деп атаған. Аты аңызға айналған ұшқыштың 1966 жылы жазған «Илдер шабуылдайды» атты кітабы фильмнің негізгі арқауына айналған.

2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жалпыға бірдей оқуға басты кітап болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы таңдалды.

2015 жылы Алматыда Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің отбасына ІІ дәрежелі ҰОС орденін тапсыру рәсімі өтті. Сағадат Нұрмағамбетов Отан соғысы орденіне 1985 жылы ұсынылған. Алайда награда оған белгісіз себептермен берілмеген.

2020 жылы Қазақстанда цифрлық Комиссарлар тобы құрылып, оның құрамына қоғам қайраткерлері, блогерлер мен журналистер кірді.

Цифрлық комиссарлар тәуелсіз бақылаушы ретінде мемлекеттік органдардың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жобалары мен бастамаларына қоғамдық негізде мониторинг жүргізеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен ХҚО жұмысы бойынша қызметті алушы-азамат тұрғысынан ескертулер мен ұсыныстар береді.

2021 жылы Испанияда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының логотипі бейнеленген, испан тілінде жазылған және әрбір қазақстандық үшін ерекше саналатын дата көрсетілген пошта маркасы шығарылды. Пошта байланыстарының бойтұмары саналатын марка, испан жұртшылығына Қазақстанның маңызды мерейтойлық датасы туралы еске салады.

2021 жылы Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығына 300 кітапты тапсыру рәсімі өтті, оның ішінде еліміздің көрнекті тұлғалары – Ыбырай Алтынсариннің, М.Әуезовтың «Абай жолы» 4 томдығы, балалар, көркем және ғылыми әдебиеттер, тарихи, мәдени басылымдар бар.

2022 жылы Қарағанды облысындағы Нұра көпсалалы колледжіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік-техникалық білім берудің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімовтің есімі берілді. Ол педагогика, кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесін, этнопедагогиканы дамытуға баға жетпес үлес қосты. Болат Әбдікәрімов - 300-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы, ғылым докторларының, кандидаттардың және магистрлердің бірнеше буынын тәрбиелеген.

2024 жылы Германияның Гейдельберг қаласында өткен парадзюдодан әлемдік Гран-приде қазақстандық спортшылар 2 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында 48 келі (J2) салмақ дәрежесінде Ақмарал Науатбек финалда Қытай спортшысы Ли Лицинді жеңді. +70 келі (J2) салмақ дәрежесінде сынға түскен Зарина Райфова финалдық белдесуде кубалық спортшы Шейла Самарианды жеңді. Ал -70 келі (J2) салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы Аяла Мереке қола жүлдені жеңіп алды. Ерлер арасында -73 келі (J1) салмақта Ерғали Шәмей мен +90 келі (J2) салмақ дәрежесінде Жұрқамырза Шұқырбеков қола жүлдегер атанды.

2025 жылы Иордания Хашимит Корольдігінің Амман қаласында Президент Телерадиокешені, Иорданияның телерадиокорпорациясы (Jordan Radio andTelevision Corporation) және «Әл-Мамляка» т(The Independent Media Station Al-Mamlaka TV) тәуелсіз медиа станциясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан мен Иорданияның БАҚ саласындағы қатынастарын нығайтуға бағытталған құжаттарға Президент ТРК директоры Раушан Қажыбаева және Иордания Хашимит Корольдігі Министрлер кабинетінің мүшелері Яруб Әл-Қуда мен Муханнад Шехаде қол қойды.