19 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
19 қазан. ДҮЙСЕНБІ
Қазақстандағы Құтқарушылар күні. Құтқарушылар күні Қазақстанда қазанның 19-да атап өтіледі. Бұл күн елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуымен байланысты. Арменияның зымырандық-артиллерия әскерлері күні. 1992 жылдан бастап, Армения Қарулы Күштерінің зымырандық-артиллериялық бөлімшелерін құру аяқталған күннен атап өтіледі.
Ямайкадағы батырлардың ұлттық күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 7 жыл бұрын (1928) Қарағанды облысындағы Қарсақбай елді мекенінде Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинаты («Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамы) құрылды. 1997 жылы шілдеде «Жазқазғантүстімет» акционерлік қоғамы негізінде «Қазақмыс» корпорациясы құрылды. Корпорация мыс және күміс өндіруден қазақстанда бірінші орында болса, мыс өндіруден әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Жезқазған аймағының дамуына, тау-кен металлургия кешенінің құрылуына қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев көп еңбек сіңірді.
5 8 жыл бұрын (1957) Петропавл қаласында алғаш рет облыстық ақындар айтысы болып өтті.
2 6 жыл бұрын (1989) Семей полигонында соңғы (221-ші) ядролық жер асты жарылысы жүргізілді.
2 5 жыл бұрын (1990) Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Алматыдағы Республикалық мәдениет орталығын құру туралы қаулысы жарық көрді.
1 1 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хооп Схефферді қабылдады.
1 1 жыл бұрын (2004) Алматыда Қазақ тағамтану академиясы 30 жылдығына арналған мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
10 жыл бұрын (2005) Тараз қаласында «ҚазТрансГаз» АҚ қаржысына салынатын «Тараз қаласының спорт сарайы» спорт кешені құрылысының орнына алғашқы қада қағу салтанаты өтті.
10 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ Эстония поштасымен бірігіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында «Аңшы иттер» тақырыбына арналған жаңа пошта маркасын шығарды. Жаңа маркада қазақ тазысы мен эстон тазысының суреті бейнеленген.
8 жыл бұрын (2007) Сәтбаев қаласының кен өнеркәсібінің шебері Шәміл Садықов «Ресейдің алтын қаламы» атты ұлттық әдеби сыйлығының күміс лауреаты атанды. Қазылар алқасы әскери-патриоттық аталымына оның «Пошташы қыздың ажалы» атты әңгімесін лайықты деп тапқан.
8 жыл бұрын (2007) Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Ядролық физика институты /ЯФИ/ және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ілеспе сәулелену генераторын ортақ құрылысы туралы келісіміне қол қойды. Қондырғыштың құрылысына бес жылдай уақыт кетеді. Ілеспе сәулелену генератордың қолдану саласы өте кең. Ол осы күнге дейін болмаған әуеғарыштық өндіріске қажет материалдарды шығаруға мүмкіндік береді. Медицинада ілеспе сәулелену аурулардың ерте диагностикасында көмектеседі, ал ем қабылдаған уақытта - дәрілерді тура сол ағза мүшесіне жеткізу үшін қолданылады. Ең жаңа препараттарды шығару, аурудын ерте анықталуы мен емдеуі, тамырлы аурулардың диагностикасы үшін синхротрон ауыстырғысыз болып табылады. Бүгінгі күні бірде-бір дәрі-дәрмек синхротронда нақты саралауынан өтпейінше, өндіріске жіберілмейді.
ЕСІМДЕР
11 4 жыл бұрын (1901-1965) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанда физиологтар ғылыми мектебінің негізін салушы, Бүкілодақтық физиологтар қоғамының Қазақ филиалын құрушы және оның алғашқы төрағасы, Қазақ республикалық «Білім» қоғамын құрушылардың бірі ПОЛОСУХИН Александр Порфирьевич дүниеге келді.
Пермь мемлекеттік университетінің медицина факультетін және аспирантурасын бітірген. 1933-1937 жылдары - Свердловск медицина институты кафедрасының ассистенті. 1937-1938 жылдары - Сочи медицина институтының зертхана меңгерушісі. 1938-1963 жылдары - Қазақ медицина институты физиология кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, директордың орынбасары. 1955-1965 жылдары - Қазақ ССР ҒА-ның вице-президенті. 1945-1965 жылдары - Физиология институтының директоры. Негізгі ғылыми еңбектері адам физиологиясына арналған. Ол адамның қан айналысы мен лимфа айналысының реттелу тәртібін зерттеп, шок патогенезіне сипаттама берді, оған қарсы арнайы дәрі (Полосухин сұйығы) ұсынды. Сонымен қатар силикоз ауруын зерттеуге басшылық жасады.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
9 1 жыл бұрын (1924-1988) Рейхстагқа 1945 жылғы сәуірдің 30-да бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, «Халық қаһарманы» ҚОШҚАРБАЕВ Рақымжан дүниеге келді.
Қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты.
Лейтенант Р.Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г.Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.
1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған.
Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
9 0 жыл бұрын (1925-1988) ақын, жазушы БЕРДИЯРОВ Тоқаш дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Көркем училищесін бітірген.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1958-1962 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істеген. 1962 жылдан шығармашылық жұмыста болды. Алғашқы өлеңдері баспасөзде 1950 жылдан жариялана бастады. Тырнақалды өлеңдер жинағы - «Шалқар теңіз» 1952 жылы жарық көрді. Кейін «Мен өмір сүремін», «Бейбітшілік көшесі», «Тораңғы», «Оқ және гүл», «Ескі паравоз», «Дауылдан кейін тыныштық», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Күндер, күндер, күндерім», «Ескі паровоз», «Жаңа дала», «Сөнбейтін оттар», «Есіктің алды - көк терек», «Шынар» т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, таңдамалылары басылды. Ол жырларына шынайлық, қарапайымдылық, сезім тереңдігі тән.
Проза жанрында да қалам тартып «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» атты әңгімелер мен повестер жинақтарын жариялады.
8 9 жыл бұрын (1926-1977) эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, профессор КЕРЕЕВ Нұрғазы Идашұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Ленин ауданында туған. Әскери-теңіз академиясын бітірген. 1948-1957 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери дәрігер болған. 1957-1958 жылдары - Қазақ КСР ҒА-ның Өлкелік патология институты эпидемиология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1958-1964 жылдары - Қазақ эпидемиология, микробиология және гигиена ғылыми-зерттеу институты эпидемиология бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 1964-1977 жылдары Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі болды. Негізгі ғылыми еңбектері табиғи ошақты аурулар эпидемиологиясына арналған. Ол бөртпе, сүзек, кене арқылы жұғатын энцефалит, орнитоз сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардан сақтану жүйесін жасаған.
8 5 жыл бұрын (1930) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі ШАРМАНОВ Төрегелді Шарманұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизімін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.
Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидатттық диссертациялар қорғалды.
«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.
8 5 жыл бұрын (1930) ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері РӘШ Мыңбай Ахметкәрімұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі Жас Алаш) газетінде, «Ара» - «Шмель» журналдарында бөлім меңгерушісі болған. Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде істеген. «Ғылым» баспасы бас редакторының орынбасары, «Қазақстан» баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық жұмыспен айналысады.
1955 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Алғашқы борозда» деген атпен жарық көрді.
«Терек пен тікенек», «Суылдақ», «Қисық айна», «Тсс... тісіңен шығарма», «Біле қойдым» атты сықақтары, «Қанатты қиял», «Бес белес», «Шаттық шапағаты» атты өлеңдері және «Тоғыз жүз күн», «Бастау», Ерлік дастаны», «Дәуір-дастан», «Киелі домбыра», «Шабыт шағалы» атты поэмалары мен дастандарының, «Кері тартқанды бері тарт» сықақ әңгімелер жинағының, «Жұлдыз жаңғыры» үш томдық кітабының авторы. Ол лирикалық, азаматтық өлеңмен бірге көбінесе сатира жанрында еңбек етеді. Оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары туысқан республикалар тілдеріне аударылған.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.
8 4 жыл бұрын (1931-2000) философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент-мүшесі ҚАСЫМЖАНОВ Ағын Хайроллаұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1957-1976 жылдары - Қазақстан ҒА Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері, доценті, философия тарихы және Қазақстанның қоғамдық ой-пікірі бөлімінің меңгерушісі. 1976-1977 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті философия-экономика факультетінің деканы. 1977-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтының директоры, философия тарихы кафедрасының меңгерушісі. 1987-1993 жылдары - Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институты философия кафедрасының профессоры. 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін Қазақ ұлттық университеті философия және әлеуметтік таным методологиясы кафедрасының меңгерушісі болды. Оның ғылыми еңбектері диалектілік логиканың өзекті мәселелеріне арналған. Диалектиканың категориялары мен заңдары, принциптері, таным теориясы жөнінде ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрген. Ол Әл-Фараби мұраларын зерттеу мақсатында 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университеті жанынан Әл-Фараби ғылыми орталығын құрды. Ғалымның жетекшілігімен Әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік-этникалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ, «Птолемейдің «Алмагестіне» Әл-Фарабидің түсіндірмесі», т.б. шығармалар жарық көрді. Қасымжанов шет елдерде ғылыми дәрістер оқып, халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар ұйымдастырды. Онда қазақ мәдениеті мен философиясы, түркі халықтарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, Әл-Фарабидің рухани мұрасы жөнінде баяндамалар жасады. Оның бірқатар еңбектері ағылшын, араб, француз, финн, чех, т.б. тілдерге аударылған. Ғалымның жетекшілігімен 7 ғылым докторы, 70 ғылым кандидаты даярланған.
6 9 жыл бұрын (1946-1992) Қазақстанның ұлттық кәсіпқой қолданбалы қолөнері негізін қалаушылардың бірі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі ӨТЕП Батырбек Туғанбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Львов мемлекеттік қолданбалы өнер институтын бітірген. Ол Қазақстандағы қолданбалы өнер саласын, соның ішінде тоқыма саласын енгізген кәсіпқой суретші. Оның «Түркі дастаны», «Бозторғай», «Той» атты туындылары халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, дипломдармен марапатталған. Бұл туындылары Астана қаласындағы Президент резиденциясында ілінген. Сонымен қатар жұртқа танымал «Өскен өңір», «Өркен», «Шілде», «Өмір өрнегі», «Білектесу», «Атамекен», т.б. туындылары бар.
1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Өтеп Батырбек атындағы қайырымдылық қоры құрылды. Ал 1997 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне, 2006 жылы шілденің 1-де осы қаладағы өнер мектебіне суретшінің аты берілді.
5 9 жыл бұрын (1956) жазушы, драматург ОТАРБАЕВ Рахымжан дүниеге келді.
Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бастап, мектепте мұғалім, Теңіз ауданында радио ұйымдастырушы, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» альманахында қызмет етті. Қырғызстандағы Қазақстан Елшілігінің атташесі, Ақтау облыстық радиотелевизия компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры болған. Жазушының «Дүние кезек», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры» атты кітаптары, «Абай соты», «Бейбарыс сұлтан», «Әбутәліп әпенді» және жазушы М.Құлкеновпен бірге жазған «Бас», «Жәңгір» пьесалары бар.
15 3 жыл бұрын (1862-1954) француз өнертапқышы, киематографты құрушы айындылардың үлкені Огюст ЛЮМЬЕР дүниеге келді.
13 3 жыл бұрын (1882-1916) итальян суретшісі, мүсіші және футуризм теоретигі Умберто БОЧЧОНИ дүниеге келді.
6 3 жыл бұрын (1952) мексикандық актер, әнші және тележүргізуші Вероника КАСТРО дүниеге келді.