19 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 19 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

19 қазан. ЖҰМА

Құтқарушылар күні

Құтқарушылар күні Қазақстанда жыл сайын 19 қазанда атап өтіледі. Бұл атаулы күннің бекітілуі елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуымен байланысты. 
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы  Қарағанды облысындағы Қарсақбай елді мекенінде Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинаты («Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамы) құрылды. 1997 жылы шілдеде «Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамы негізінде «Қазақмыс» корпорациясы құрылды. Корпорация мыс және күміс өндіруден Қазақстанда бірінші орында болса, мыс өндіруден әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Жезқазған аймағының дамуына, тау-кен металлургия кешенінің құрылуына қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев көп еңбек сіңірді.

1957 жылы  Петропавл қаласында алғаш рет облыстық ақындар айтысы өтті.

1989 жылы Семей полигонында соңғы (221-ші) ядролық жер асты жарылысы жүргізілді.

2004 жылы  Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хооп Схефферді қабылдады.  

2005 жылы Тараз қаласында «ҚазТрансГаз» АҚ қаржысына салынатын «Тараз қаласының спорт сарайы» спорт кешені құрылысының орнына алғашқы қада қағу салтанаты өтті.  

2005 жылы «Қазпошта» АҚ Эстония поштасымен бірігіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында «Аңшы иттер» тақырыбына арналған жаңа пошта маркасын шығарды. Жаңа маркада қазақ тазысы мен эстон тазысының суреті бейнеленген.

2010 жылы Алматыда қала тарихы мұражайында қазақ халқының біртуар батыр ұлы, қаһарман қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған "Рухыңа болашақ бас иетін, ұмытылмас ерлігің қасиетің" атты көрме ашылып, кездесу өтті.

2010 жылы ҚР Ұлттық банкі 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 500 және 5000 теңгелік ескерткіш күміс шақаларды айналымға шығарды.

2012 жылы «Хабар» агенттігі» АҚ құрамындағы тәулік бойы жаңалық тарататын «24KZ» (қазір «Хабар 24») арнасы өз жұмысын бастады. Аталған арна ұлттық цифрлық телевидениені дамыту бағдарламасының аясында құрылып, «Otau TV» ұлттық спутниктік жүйе арқылы хабар таратады.

2014 жылы Қызылорда қаласында Қазақстан бойынша алғашқы көше спортымен шұғылданатын жастардың әлеуметтік саябағы ашылды.

2015 жылы жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына барған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күріш тазалайтын зауытта болды. Тәулігіне 80 тонна  қоспа жем шығарып, 150 тонна күріш тазалайтын кәсіпорында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа технологияларды игеру керектігіне баса назар аударды. Президент дағдарыс кезеңінде ауыл шаруашылығы экономиканың тірегі болатынын айтты.

2016 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында Қазақстан бокс федерациясы жаңа «Тарлан» дене шынықтыру және сауықтыру кешенін ашты.

2016 жылы Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты болды. 11 метрлік монумент Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Мүсіндік композицияның биіктігі 6 метрді құрайды. Ескерткіш авторы - белгілі мүсінші Асқар Нартов.