19 мамыр. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 19 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Түркияда Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күнi
1919 жылдың 19 мамырында тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық-революциялық қозғалыс лидері Мұстафа Кемал Ататүрік 9-ы армияның инспекторы ретінде Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Бұл күн Түркияның азаттығы үшін соғыстың ресми басталған күні болып саналады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Кейіннен Ататүрік сөйлеген сөздерінің бірінде 19 мамырды өзінің туған күні деп жариялады (оның нақты туған күні белгісіз). Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрағандықтан, 1938 жылдың 20 маусымында 19 мамырды Жастар және спорт күні ретінде белгілеу туралы заң шықты. Бұл күн алғаш рет 1935 жылы 24 мамырда «Ататүрік күні» ретінде атап өтілген болатын. Сол күні спорт күні де өтті. Кейіннен спорт конгресінде осы екі мерекені біріктіру туралы ұсыныс жасалып, бұл заңмен бекітілді. 1980 жылдың 12 қыркүйегінен бұл күннің ресми атауы «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» деп аталып келеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Алматыда банкнот фабрикасы ашылды. Банкнота фабрикасы жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегей жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.
2005 жылы Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына екі ел президенттері қатысты. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.
2011 жылы Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейі жаңа экспонаттармен толықты. Музейге тапсырылған бағалы экспонаттардың ішінде артиллериялық миналардың неміс жәшігі, гаубица зеңбірегінің бөлшегі, саперлық күрек, каскалар, Дегтярев пулеметінің дискі болды.
2014 жылы Ресейдің солтүстік астанасындағы Астананың мәдени күндерінің аясында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Санкт-Петербор мэрі Георгий Полтавченко «Астана» орталығының негізіне капсула салды.
2015 жылы Қырғызстан астанасында «Ақ Ілбірс - 2015» ұлттық киносыйлығы ұйымдастырған шарада режиссер Әділхан Ержанов түсірген қазақстандық «Қожайындар» фильмі «Орталық Азиядағы үздік фильм» номинациясын жеңіп алды.
2016 жылы Шығыс Қазақстанға осы уақытқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлер жеткізілді. Олардың арасында Шілікті, Берел, Қырықкүңгір, Ақсуаттан табылған сүйектер мен тастар, керамика, қоладан жасалған заттар бар.
2016 жылы Иорданияның KASOTC оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы топтар арасындағы 8-ші жыл сайынғы «Warrior-2016» сайысы өтті. Жарысқа қазақстандық әскери қызметшілер де қатысты. Бұдан өзге ол жерге Қытайдан «Шабуылдаушы ақ тұйғын», Колумбияның «Коммандос», Ливандық «Қара пантера», АҚШ «Теңіз мысықтары» және басқа да арнайы бөлімшелер келді.
2017 жылы Қытайда танымал «Easy» журналы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге бірнеше бет арнады. Кезекті нөмірде әншінің суреттері мен сұхбаты жарияланды.
2017 жылы Қазақстан киноиндустриясы тарихында алғаш рет 70-ші Канн фестивалінде (Франция) Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Қазақстанның алғашқы павильоны Фестивальдар сарайының алдында, Le Village International кинобазарының аумағында орналасты. Павильонның жұмысы бірлесіп кино шығару, ұлттық фильмдерді қаржыландыру үшін әлеуетті серіктестерді тартуға, Қазақстанның киноиндустриясын жаңғырту және туризмді дамытуға жағдай жасады.
2017 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.
2019 жылы жеңіл атлетикадан Thailand Open Track & Field 2019 халықаралық турниріне Мария Овчинникова сәтті өнер көрсетіп, үш қарғып секіруден жеңімпаз атанды. Спортшы 13.19 метрге секіріп, үздік нәтиже көрсетті. Ол 2019 жылғы Азия чемпионы, тайландтық Паринью Чуаймароенгті артта қалдырды.
2020 жылы Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры «Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық сыйлығын құрды. Финалға шыққан он үздік қатысушының сауалнамасы Нобель сыйлығының педагогтарға арналған «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының іріктеу кезеңіне жіберіледі. Сауалнамаларда бағаланатын негізгі критерийлердің бірі – бұл педагогтың қоғамдық маңызы бар әлеуметтік істерге қатысуы. Қоғамдық жобалау оқушылардың тұлғалық қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Педагогтың әлеуметтік жобаларда еңбектенуі балаларды біріктіруге, олардың қарым-қатынасын шығармашылыққа толтыруға, балаларды пайдалы істерге тартуға және олардың сана-сезімін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
2021 жылы Көкшетау қаласы Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы аталды. Мұндай мәртебе облыс орталығына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің ашылуында берілді.
2021 жылы Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай атындағы аудитория ашылды. Іс-шараға қатысушылар грузин оқырмандары үшін Абайдың мәңгілік мұрасымен ана тілінде танысу мүмкіндігі екі достас халық арасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністікті тереңдететініне сенім білдірді.
2021 жылы Баттерфляй стилінде 50 м қашықтықты 35,78 секундта еңсерген пара жүзуден Еуропа чемпионатында спортшы Нұрсұлтан Сиязбек Далиев алтын медальға ие болды. Жарысқа әлемнің 47 елінен 380 спортшы қатысты.
2021 жылы Астанада алғаш рет «EcoQolday» экологиялық театры ашылды.
Экотеатр-театрлық қойылымдарды, көрермендермен эко-тақырыптарға интерактивтерді және қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша мастер-кластар аймағын қамтитын бірегей жоба. Театр труппасы маусымды осы аттас қазақстандық экожинақ желісімен «Гринейктердің хикаялары» спектаклінің премьерасымен ашты. Спектакльге мектеп жасындағы актерлер мен орыс драма театрының екі кәсіби қоюшы-режиссерлері қатысты. Қойылымға 15 оқушы қатысып, тағы 15 бала Жас көрермен болды.
2021 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде хан көтеру рәсімі өтті. Кесенеде жерленген Абылай ханды және басқа да ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған қойылымды Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық музыкалық драма театрының әртістері қойды. Атақты ғалым А.И. Левшиннің еңбегінде «1771 жылы Түркістанда Абылайды қазақтардың бас ханы етіп жариялау рәсімі өтті. Оған Кіші жүздің, Орта жүздің, Кіші жүздің хандары, сұлтандары мен батырлары, Ташкент пен Түркістанның сайланған өкілдері қатысты. Бұл рәсім Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде өтті. Онда Құран оқылып, жиналғандар Абылайды ақ киізге отырғызып, үш жүздің ханы деп жариялады» делінген.
2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында «Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы» деп жариялайтын қарар бірауыздан мақұлданды. Бұл бастама Өзбекстанға тиесілі, ал қарардың бірлескен авторлары Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Түркіменстанды қоса алғанда 50-ден астам мемлекет болды.
Қабылданған қарарда Бас Ассамблея Арал өңіріндегі экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуалды жақсартуға бағытталған өңірлік іс-шаралар мен бастамаларды қолдау туралы мәлімдеді.
2022 жылы Алматыда Медиа және кино мектебі ашылды, оның қызметі қолжетімді және сапалы білім беруге және кинематография саласында сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша оқытуға бағытталған.
Киномектептегі жас мамандар үш негізгі білім беру бағдарламасы бойынша білім алады - цифрлық кино түсіру(Digital Filmmaking), жаңа медиа (New Media) және қоғаммен байланыс (Public Relations). Одан кейін студенттер кинорежиссер, қоюшы режиссер, анимациялық режиссер, мультимедиялық бағдарламалар режиссері, телережиссер, сценарийші, арт-менеджер, кино сыншысы, продюсер, радио және тележүргізуші сияқты мамандықтарға ие болады.
2023 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашты. Мемлекет басшысы Қытай тарапына Қазақстанның дипломатиялық өкілдігін ашуға көмектескені үшін алғыс білдірді.