19 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2014 жылғы 19 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

19 мамыр, ДҮЙСЕНБІ Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемал Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді. Түрікменстанда XVIII ғасырдағы түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағы поэзиясының мерекесі. Түркімен халқының классик ақыны, ұлы ойшылы әрі қайраткері Мақтымқұлы Пырағы - түркімен әдебиетінің іргетасын қаласқан май­талман ақындардың бірі де бірегейі. Ол тек жазған өлең­дерімен ғана емес, сонымен қатар қа­зіргі түркімен әдеби тілінің қалыпта­суы мен дамуына үлкен үлес қосқан ақын. Cондықтан оның түркі әлеміндегі орны өзгешеМақтымқұлы Пырағы 1733 жылы Түркімен-Хорасан тауларының ба­тысындағы Атрек өзенінің бойында, Хажыговшан деген ауылда дүниеге келген. Әкесі - Довлетмәмед Азади белгілі ақын, ғалым болған адам.

Ақынның жастык шағы Атрек, Гүрген дарияларының бойындағы Геркез, Соңыда сынды табиғаты әсем өлкеде өтеді. Мақтымқұлы 1783 жылы 50 жасын­да дүниеден озған. Соған қарамас­тан, артында мол мұра қалдырған. Шы­ғыс шынарлары қатарларынан орын ал­ған шайыр Ирандағы Ақтоқай деген жер­де мәңгілік тыныстап жатыр.

Оның жауһар жырларын қазақ ті­лінде алғаш рет Ғали Орманов пен Ға­фу Қайырбеков сөйлетті. Мақтым­құлы шығармалары қазақ тілінде («Таң­дамалы өлеңдер» 1947; «Таңда­малы өлеңдер» 1959; «Өлеңдер» 1968) бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 19 жыл бұрын (1995) Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен банкнот фабрикасы ашылды. Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегей жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады. 17 жыл бұрын (1997) «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 9 жыл бұрын (2005) Алматы қаласында «Тамыр» журналының ағылшын тіліндегі басылымының тұсауы кесілді. Аталмыш басылымда отандық авторлардың философиялық, мәдени және басқа да тақырыптарға жазған еңбектері ағылшын тілінде жарық көреді. Журналдың бас редакторы - Әуезхан Қодар. 9 жыл бұрын (2005) Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған. 9 жыл бұрын (2005) қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электр энергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды. Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған. ЕСІМДЕР 101 жыл бұрын (1913-1994) металлург, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ОҢАЕВ Ибрагим Әбілғазыұлы дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. 1941-1944 жылдары Қарсақпай мыс қорыту зауытында жұмыс істеген. 1944-1974 жылдары - Металлургия және кен байыту институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары. 1974-1994 жылдары Қазақ политехникалық институтының кафедра меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түсті металлургия шикізаттарын өңдеудің жаңа тәсілдерін жетілдіруге арналған. Орталық Қазақстандағы мыс кендерінен өндірілген кентастар мен концентраттарды балқыту процесін кешенді түрде жетілдіру ісін жүргізген. Түсті металлургия саласындағы штейнді-қожды жүйелердің физика-химия қасиеттерін зерттеген. Металл-шлак және штейн-қож-газдық фаза жүйесіндегі металдардың таралу заңдылықтарын ашқан. Мысты және полиметалдық материалды шашыранды күйде циклондық (кивцэттік) балқытудың ерекше технологиясын жасаған автордың бірі болған. 300-ге жуық ғылыми еңбектің, 28 өнертабыстың авторы. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған. 75 жыл бұрын (1939) физика-математика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры САХАЕВ Шәріпхан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін, Санкт-Петербордағы КСРО Ғылым академиясы бөлімінің аспирантурасын бітірген. 1965-1995 жылдары - С.Аспандияров атындағы ұлттық университетте, Қазақстан Ғылым академиясында қызмет атқарған. 1995 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде істейді. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мұнай-газ саласына арналған. Оның ғарышты зерттеу жұмыстары Ресейде, Украинада және Америкада жарық көрген. 70-тен астам ғылыми еңбегі, 5 оқу құралы және 1 монографиясы бар. 74 жыл бұрын (1940) мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері СЕРГЕБАЕВ Ескен Аманжолұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Санкт-Петербордағы И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. Алматы көркемсурет училищесінің, Алматы театр-көркемсурет академиясының оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мүсін кафедрасының меңгерушісі. Абай, М.Әуезов, әл-Фараби мүсіндерінің, сондай-ақ қола мен граниттен жасалған М.Әуезов, І.Жансүгіровтың және ақын К.Әзірбаевтың ескерткіш-мүсіндерінің авторы. Монументті-безендіру саласында «Шопан мен күрішші», «Ф.Достоевский», «Қазақ эпосы» жұмыстары бар. 68 жыл бұрын (1946) әнші, Қазақстанның Халық әртісі БЕКБОСЫНОВ Қажыбек Құдайбергенұлы дүниеге келді. Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітірген. 1967-1996 жылдары «Қазақконцерт» әншісі болған. 1996 жылдан Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі. Репертуарында Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен, Естай әндері бар. Ол орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс береді. 61 жыл бұрын (1953) Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі ҚҰЛЕКЕЕВ Батырбек Әбдірәсілұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Талас ауданы Бостандық ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» және 2006 жылы Тараз қаласы Гуманитарлық-техникалық институтын «есеп және аудит» мамандықтары бойынша бітірген. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесі. Еңбек жолын 1973 жылы Қаратау қаласындағы «Суперфосфат» трестінде жұмысшы болып бастаған. 1974-1999 жылдары «Қаратау тау-кен комбинатында» шахта бұрғылаушысы, тау-кен инженері, Тараз қаласындағы тас ұнтақтау зауытының цех бастығы, «Жамбыл гипс» комбинатының бас инженері, директоры, Жамбыл құрылыс бөлшектері мен конструкторлық бірлескен комбинатының бас директоры, 1999-2007 жылдары Талас ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2007-2012 жылдары Байзақ ауданының әкімі. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 56 жыл бұрын (1958) заң ғылымының докторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Б.Қаратаев атындағы сыйлығының лауреаты АЛАУХАНОВ Есберген дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Ташкент мемлекеттік университетін (1987), Саратов жоғары милиция мектебін (1991), Халықаралық қазақ-түрік университетін (1998) бітірген. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қызылжұлдыз ауылында есепші (1976), Сарыағаш ауданы халық сотында сот мәжілісінің хатшысы (1981), Сарыағаш халық сотының төрағасы (1993), Оңтүстік Қазақстан облысы соты қылмыстьқ істер алқасының төрағасы (1996), Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары қаржы полициясының бастығы (2001-04), ІІМакадемиясының кандидаты диссертация кеңесінің төрағасы (2006-08), 2008 жылдан ҚазҰУ-дың «Сот билігі және қылмыстық іс жүргізу» кафедрасының меңгерушісі. ҚР Жоғары сот ғылымының кеңесінің мүшесі. 300-ден астам ғылыми еңбектер мен 25-тен астам монографиялар және оқулықтардың («Уголовный кодекс Казахстана. Каким быть», 1990; «Борьба с коррупцией», 2008; т.б.) авторы. Медальдармен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) Маңғыстау облысының әкімі АЙДАРБАЕВ Алик Серікұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1985 жылдан бері мұнайгаз саласында жұмыс істейді. Мұнайгаз өндірісінде кәсіби дамудың барлық сатыларынан өтті, аға геолог, кейіннен технолог, мұнай және газ өндіру шебері, «Маңғышлақмұнай» ӨБ «Жетібаймұнай» МГӨБ мұнай және газ өндіру цехы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Әртүрлі жылдарда «ОңтүстікҚазмұнайГаз» өндірістік бірлестігінде басшылық қызметтер атқарды. «Торғай Петролеум» және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметтерін атқарды. 2011 жылдың сәуірінен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры. 2011 жылдың мамырында Директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2011 жылдың желтоқсанында ҚМГ БӨ бас директоры болып жұмыс жасады. Қазіргі қызметінде 2013 жылғы қаңтардан бері. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 50 жыл бұрын (1964) ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы АТАМҚҰЛОВ Бейбіт Бәкірұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Инженер-металлург мамандығы бойынша Қазақ политехникалық институтын, сондай-ақ, экономист мамандығы бойынша Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1 класты кеңесшінің дипломатиялық дәрежесі бар. Еңбек қызметін 1985 ж. Норильск тау-кен металлургия комбинатының мыс байыту зауытында бастаған. 1986 ж. бастап М.И.Калинин атындағы Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеді, онда балқытушыдан, ауысым шеберінен, бригадирден бастап жетекші инженерге дейінгі жолдан өтті. 1991 ж. бастап - ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі «Қазметаллэкспорт» Қазақстандық республикалық сыртқы экономикалық байланыстар кәсіпорнының «Черметэкспорт» компаниясының бас маманы, директоры. 1993 ж. бастап ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі «Қазақстан сауда» МСК бас директорының бірінші орынбасары. 1995 ж. бастап «Қарметкомбинат» МАҚ (Теміртау қ.) бас директорының бірінші орынбасары. 1996 ж. бастап «Рахат-металлс» компаниясының бас директоры, «AIG» қазақстандық сақтандыру компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары. 2002 ж. бастап «Рахат» МК Директорлар кеңесінің төрағасы. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2006 ж. бастап - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-елшісі. 2007 ж. бастап Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-елшісі. 2008 ж. бастап Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қ., ГФР бас консулы. 2010 ж. бастап Қазақстан Республикасының Малайзия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2012 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды. «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалінің иегері. 49 жыл бұрын (1964) әнші, продюсер БОЛМАНОВ Қыдырәлі Нұртайұлы дүниеге келді. Жезқазған облысының Қарсақпай ауылында туған. Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген (1991). 1995 жылы «Айналайын» деп аталатын алғашқы жеке альбомын шығарған. 1996 жылдан - «АБК» тобының негізін қалаушы, мүшесі және бас продюсері. 2001 жылдан - «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі. 2005 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың қаңтарына дейін Алматы қаласы Мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылдың сәуірінен Астана қаласы Мәдениет департаментінің директоры. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы комиссиясының мүшесі және Қазақстан жастар одағы сыйлығын тапсыру бойынша комиссияның төрағасы. «Жігер» республикалық конкурсының (1988), Қазақстан жастар одағы сыйлығының (1994), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2000), Грозный қаласы Бүкілодақтық студент жастар конкурсының I сыйлығының (1987), Данияда өткен «Борнхольм-90» халықаралық конкурстың I сыйлығының (1990), Литвада өткен «Вильнюс» халықаралық конкурсының III сыйлығының лауреаты (1993). «Азия дауысы» халықаралық конкурсының дипломанты (1991), Голливудта өткен орындаушылық өнерден халықаралық чемпионатта «Басқаларға ұқсамайтын вокал» номинациясы бойынша I орынды және алтын медаль алды (АҚШ, 2001), Шешенстан мен Ингушетия Республикаларының Еңбек сіңірген өнер қайраткері (2005). 45 жыл бұрын (1969) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері БАЛҚЫБЕК Әмірхан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіген. Шардара аудандық «Өскен өңір», республикалық «Жас алаш», «Ана тілі» газеттерінің, «Парасат» журналының тілшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жас қазақ» республикалық газеті әдебиет және ғылым бөлімінің редакторы. Ақынның бірқатар өлеңдері «Жас ақындар поэзиясының антологиясы», «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады» ұжымдық жинақтарына енген. «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы» жыр кітаптарының авторы. 40 жыл бұрын (1974) әнші, композитор, айтыс ақыны, «Зікір-Аллаһ, Нұр-Аллаһ» әндерімен қазақ даласында илләһи жанрын тұңғыш таратушы ОМАРОВ Жәкен Қазыбекұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген. Еңбек жолын Шымкент облыстық жастар одағы комитетінен бастаған. 1997 жылы Түрік Республикасы Ыстамбұл қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Білім және парасат қоры дін курсын бітірген. Қазір аталған қордың Алматы қаласындағы мәдениет бөлімін басқарады. Ол 1988-2001 жылдары аралығында өткен айтыстарда, республикалық айтыстарда, «Студенттер көктемі», «Ұлытау үні» фестивальдерінде жеңімпаз атанған. Сонымен қатар ол көпшілік сүйіп тыңдайтын көптеген әндердің авторы. 124 жыл бұрын (1890-1969) вьетнам саяси қайраткері, Солтүстік Вьетнамның тұңғыш президенті Хо Ши МИН (шын аты-жөні Нгуен Тат Тхань) дүниеге келді. 68 жыл бұрын (1946) итальян актері және кинорежиссер Микеле ПЛАЧИДО дүниеге келді.