19 маусым. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/ Midjourney

Бүгін, 19 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

75 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткері Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Алматы облысы Жамбыл ауданы Прудки кеңшарында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1968 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы «Амангелді» кеңшарының жұмысшысы болып бастады. 1974-1985 жылдары Алматы облысы Күрті ауданы Т.Бокин атындағы кеңшардың бригадирі, бөлімше меңгерушісі, бас зоотехнигі, партия комитетінің хатшысы, 1985-1992 жылдары Алматы облысы Күрті ауданы «Желтораңғы» кеңшарының директоры, Кеген ауданы агроөнеркәсіптік кешені бірлестігінің төрағасы, Күрті ауданы Т.Бокин атындағы кеңшардың директоры, 1992-2004 жылдары Алматы облысы Күрті ауданы әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі. 1999-2004 жылдары Жамбыл облысының әкімі болып қызмет атқарған. 2004-2005 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, 2005-2011 жылдары Алматы облысының әкімі, 2011-2012 жылдары ҚР Президентінің Іс басқарушысы, 2012-2016 жылдары бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі, 2016-2021 жылдары алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі болды.

«Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және Ұлттық олимпиада комитетінің алтын орденімен марапатталған.

59 жыл бұрын (1966) «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Фото: dknews.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті) бітірген.

ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, ҚР Премьер-Министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы.

«Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы. «Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларын, 150-ден астам теле-радио материалдар шығарған.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары Маржан Әбдіюсупқызы ӘКІМЖАНОВА дүниеге келді.

Фото: Akorda

Алматы облысында туған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1993 жылдары ҚР Ғылым Академиясының механика және машинатану институтының зертханашысы, шаруашылық меңгерушісі, кадр бөлімінің инспекторы, 1993-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің редакциялық-баспа бөлімінің маманы, 1995 жылы ҚР Министрлер Кабинеті Аппаратының Ішкі саясат бөлімінің маманы, 1995-1997 жылдары ҚР Үкіметі Аппаратының Аумақтық даму бөлімінің маманы, 1997-2012 жылдары ҚР Президенті баспасөз қызметінің аға маманы, референті, аға референті, сарапшысы, аға сарапшысы, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі қызметінде болды. 2012-2021 жылдары ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, 2022 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. 2022-2023 жылдары ҚР Президенті іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарған.

2023 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Президент Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Қадырбекұлы ӘБДІШЕВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Ақтөбе облысында туған. ҚР Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы шекара-командалық училищесiн бітірген.

20-дан астам жыл мемлекеттік қызметте.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың сәуір айынан бастап атқарып жатыр.

39 жыл бұрын (1986) Астана қаласы мәслихатының VIII сайланым депутаты Жандос Қанатұлы РАХМЕТ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Ақмола облысының Ерейментау қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан скейтбординг федерациясы» РҚБ президенті, 2023 жылдан «BALALAND.KZ» ЖШС директоры.

2023 жылғы наурызда сайланды.

141 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен ӘЗІРБАЕВ дүниеге келген.

Фото: e-history.kz

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Кенен — қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз.

Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О. Жандосов, Ж. Бәрібаев, Т. Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды.

Оның әнші, композитор болуына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды.

Ол — жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды.

1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді. «Еңбек Қызыл Ту», 2 мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.