19 тамызда еліміздің шығысында нөсер жауып, батысында ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 19 тамызда Қазақстан аумағында қауіпті метеорологиялық құбылыстар болуы мүмкін.
Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронттар елдің көп бөлігінде өз ықпалын сақтайды. Көптеген өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Қиыр шығыста қатты жаңбыр жауады деп болжануда, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін.
Ал республиканың батысында, оңтүстігі мен орталығында антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі болжануда, солтүстік пен шығыста түнгі және таңғы уақытта тұман түседі, ал батыс өңірлерде шаңды дауыл тұруы ықтимал.
Күндіз Атырау облысында 35-39 градусқа дейін қатты ыстық, Ақтөбе облысының оңтүстігінде 35 градус ыстық болады.
Жоғары өрт қаупі Алматы облысында, Жетісу облысының батысы, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Атырау облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Жамбыл облысының оңтүстігі мен орталығында болжануда.
Төтенше өрт қаупі Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Алматы облысының батысы, солтүстігі мен шығысында, Жамбыл облысының солтүстігі, батысы мен шығысында, Атырау облысының батысы мен шығысында, сондай-ақ Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе және Абай облыстарының оңтүстігінде күтіледі.