19 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 19 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстандағы Энергетиктер күні

Қазақстанның энергетика өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мерекені энергетикалық ресурстарды өндіруді, электр және жылу энергиясын беруді және өткізуді жүзеге асыратын кәсіпорындардың қызметкерлері атап өтеді.

Бұл күнді атап өту дәстүрі кеңес заманынан басталады, ол 1966 жылы ГОЭЛРО деп аталатын елді электрлендіру бағдарламасын еске алу үшін кәсіби мереке ретінде құрылған. Қазақстан Республикасының заңнамалық жүйесінде Энергетика күні өзінің ресми мәртебесін 1998 жылы алды.

Халықаралық кедейлерге көмек күні

Мұндай атаулы күнді бекіту идеясы БҰҰ мүшелерінің кезекті отырысында көтерілді. Ол конференцияда экономикалық дамуды реттеу мәселелері қарастырылған болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Қарағандының еңбекпен-түзеу лагері ашылып, орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосында орналасты. Қарлагтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым аумақты алып жатты. Бұл лагерьді ұйымдастырудағы басты себептердің бірі – Орталық Қазақстанда жедел қарқынмен өсіп келе жатқан көмірлі-металлургиялық өндіріс орындары: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін ірі азық-түлік базасын құру болды. Осыған орай жергілікті тұрғындарды ықтиярсыз қоныс аудартып, бос қалған жерге көптеген тұтқындар колоннасын орналастырды. Бұл колонналар басқармасы тікелей Мәскеуге және НКВД-ға бағынды және оның өзінің билігі, қару-жарағы, көлігі, поштасы мен телеграф байланысы болды. Долинканың аймағы жан-жағынан темір торлармен қоршалып, оған кіру арнаулы рұқсат қағазы арқылы жүзеге асты. Лагердің іші тағы да екі аймаққа бөлініп, әрбір бұрышына күзет мұнарасы қойылды. Жалпы Қарлаг жұмыс істеген уақытта мұнда 1 миллионнан астам адам тұтқында болды. Лагерь 1959 жылы жабылды.

1991 жылы алғашқы пунктінде «КСРО одақтық-республикалық органы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің республикамыздағы құқықтық мирасқоры болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті деп танылсын» деп көрсетілген Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы» Қаулысына қол қойылды. Бұл егеменді мемлекеттің қауіпсіздік органдары жүйесінің құрылуының алғашқы қадамы болды.

1996 жылы Қазақстан судьяларының бірінші съезі өтті. Съезде республиканың Судьялар одағы құрылды және судьялар этика кодексі қабылданды.

2005 жылы Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романының таныстырылымы болып өтті. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы аталған шараны қаламгердің 80 жасқа толуына орайластырып өткізді. «Атажұрт» баспасынан жарық көрген бұл туындыны араб қарпінен кирилл жазуына көшірген – Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ.

2008 жылы Талдықорғанда Қадырғали Жалайыридің ескерткіші ашылды.

2011 жылы Мәскеуде Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесі отырысында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық комиссия құру туралы құжатқа қол қойды.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) Орта Азиялық бастамасының тең төрағасы болды.

2012 жылы Техас штатының Хьюстон қаласында АҚШ-тағы алғашқы қазақ мектебінің ресми ашылуы өтті.

2014 жылы «Жоғалып бара жатқан және сирек кездесетін жануарлар түрлері» монеталар сериясынан номиналы 100 теңге болатын «Сұңқылдақ аққу» ескерткіш күміс монетасы айналымға шықты. Монета 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 38,61х28,81 мм, сапасы – «proof», таралымы – 13 мың дана. Монетаның бетіне алтын жалату технологиясы қолданылды.

2016 жылы Астанада алғаш рет Saryarka short film festival қысқа метражды фильмдер жастар фестивалі өтті. Кинофестиваль бағдарламасына 23 фильм мен 5 конкурстан тыс жұмыс болды. Бас жүлдені режиссер Дархан Төлегенов «Маршрут» фильмі үшін алды.

2017 жылы Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің мәжіліс залына қазақ қызы Алма Оразалинованың есімі берілді. Білімді, ойы ұшқыр отандасымыз халықаралық қаржы орталығында өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен. Өмірден ерте өтсе де, даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне етене танымал.

2017 жылы Қорқыт ата атындағы халықаралық конкурстың алғашқы сыйлығын қазақстандық жазушы Ахметжан Ашири «Шарбақ» әңгімесі үшін ие болды. Қорқыт ата атындағы ІІ халықаралық конкурстың марапаттау рәсімі ТҮРКСОЙ Бас хатшылығында өтті.

2019 жылы Байқоңырға жерүсті тұтынушыларын тікелей спутниктік байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге арналған OneWeb Британдық компаниясының алғашқы төмен орбиталық ғарыш аппараттары жеткізілді. Орбиталық топтау әрқайсысында 36 спутниктен тұратын 18 кеңістіктен тұрды. Байқоңыр, Шығыс ғарыш айлақтарынан және Гвиана ғарыш орталығынан ұшырылды.

2020 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебесі берілді.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 85 жылдық мерейтойына арналған Philarmonic New Year Fest-2020 бірінші қысқы фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестивальдің мақсаты – әлемдік классикалық музыканың һәм ұлы Қазақ өнерінің рухани қарашаңырағына айналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының мерейтойын атап өту және 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау.