19 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 19 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық кедейлерге көмек күні
Мұндай атаулы күнді бекіту идеясы БҰҰ мүшелерінің кезекті отырысында көтерілді. Ол конференцияда экономикалық дамуды реттеу мәселелері қарастырылған болатын.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1931 жылы Қарағандының еңбекпен-түзеу лагері ашылып, орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосында орналасты. Қарлагтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым аумақты алып жатты. Бұл лагерьді ұйымдастырудағы басты себептердің бірі — Орталық Қазақстанда жедел қарқынмен өсіп келе жатқан көмірлі-металлургиялық өндіріс орындары: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін ірі азық-түлік базасын құру болды. Осыған орай жергілікті тұрғындарды ықтиярсыз қоныс аудартып, бос қалған жерге көптеген тұтқындар колоннасын орналастырды. Бұл колонналар басқармасы тікелей Мәскеуге және НКВД-ға бағынды және оның өзінің билігі, қару-жарағы, көлігі, поштасы мен телеграф байланысы болды. Долинканың аймағы жан-жағынан темір торлармен қоршалып, оған кіру арнаулы рұқсат қағазы арқылы жүзеге асты. Лагердің іші тағы да екі аймаққа бөлініп, әрбір бұрышына күзет мұнарасы қойылды. Жалпы Қарлаг жұмыс істеген уақытта мұнда 1 миллионнан астам адам тұтқында болды. Лагерь 1959 жылы жабылды.
1991 жылыалғашқы пунктінде «КСРО одақтық-республикалық органы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің республикамыздағы құқықтық мирасқоры болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті деп танылсын» деп көрсетілген Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы» Қаулысына қол қойылды. Бұл егемен мемлекеттің қауіпсіздік органдары жүйесінің құрылуының алғашқы қадамы болды.
1996 жылы Қазақстан судьяларының бірінші съезі өтті. Съезде республиканың Судьялар одағы құрылды және судьялар этика кодексі қабылданды.
2005 жылы Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романының таныстырылымы өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы аталған шараны қаламгердің 80 жасқа толуына орайластырып өткізді. «Атажұрт» баспасынан жарық көрген бұл туындыны араб қарпінен кирилл жазуына көшірген — Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ.
2008 жылы Талдықорғанда Қадырғали Жалайыридің ескерткіші ашылды.
2011 жылы Мәскеуде Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесі отырысында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық комиссия құру туралы құжатқа қол қойды.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) Орта Азиялық бастамасының тең төрағасы болды.
2012 жылы Техас штатының Хьюстон қаласында АҚШ-тағы алғашқы қазақ мектебінің ресми ашылуы өтті.
2014 жылы «Жоғалып бара жатқан және сирек кездесетін жануарлар түрлері» монеталар сериясынан номиналы 100 теңге болатын «Сұңқылдақ аққу» ескерткіш күміс монетасы айналымға шықты. Монета 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы — 24 грамм, диаметрі — 38,61×28,81 мм, сапасы — «proof», таралымы — 13 мың дана. Монетаның бетіне алтын жалату технологиясы қолданылды.
2016 жылы Астанада алғаш рет Saryarka short film festival қысқа метражды фильмдер жастар фестивалі өтті. Кинофестиваль бағдарламасына 23 фильм мен 5 конкурстан тыс жұмыс болды. Бас жүлдені режиссер Дархан Төлегенов «Маршрут» фильмі үшін алды.
2017 жылы Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің мәжіліс залына қазақ қызы Алма Оразалинованың есімі берілді. Білімді, ойы ұшқыр отандасымыз халықаралық қаржы орталығында өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен. Өмірден ерте өтсе де, даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне етене танымал.
2017 жылы Қорқыт ата атындағы халықаралық конкурстың алғашқы сыйлығын қазақстандық жазушы Ахметжан Ашири «Шарбақ» әңгімесі үшін ие болды. Қорқыт ата атындағы ІІ халықаралық конкурстың марапаттау рәсімі ТҮРКСОЙ Бас хатшылығында өтті.
2018 жылы судьялар тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, олардың кәсіби біліктілігін және оларға қоғамның сенімін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесін және судьяларды іріктеу жүйесін реформалау туралы заң жобасының тұжырымдамасы Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының оң бағасын алды. 1990 жылы Еуропа Кеңесі жанынан құрылған Венеция комиссия (Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссия) — құқықтық салада пікір алмасу үшін халықаралық мойындалған тәуелсіз форум. Қазақстан Венеция комиссиясына 2011 жылы қарашада қосылды.
2019 жылы Байқоңырға жерүсті тұтынушыларын тікелей спутниктік байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге арналған OneWeb Британдық компаниясының алғашқы төмен орбиталық ғарыш аппараттары жеткізілді. Орбиталық топтау әрқайсысында 36 спутниктен тұратын 18 кеңістіктен тұрды. Байқоңыр, Шығыс ғарыш айлақтарынан және Гвиана ғарыш орталығынан ұшырылды.
2020 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебесі берілді.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 85 жылдық мерейтойына арналған Philarmonic New Year Fest-2020 бірінші қысқы фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестивальдің мақсаты — әлемдік классикалық музыканың һәм ұлы Қазақ өнерінің рухани қарашаңырағына айналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының мерейтойын атап өту және 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау.
2021 жылы Аргентинаның Росарио қаласындағы қазақ ақыны, ойшыл және ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы көшенің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы алаңының ресми ашылу салтанаты өтті.
Іс-шаралар 2019 жылы қарашада қол қойылған меморандуммен құрылған Алматы мен Розарио қалалары арасындағы бауырлас қала қатынастары аясында өтті.
2021 жылы қазақ жазушылары Зира Наурызбаева мен Лиля Калаус америкалық Amazon Publishing баспасымен келісім орнатып, Бату туралы трилогия шығарды.
«Бату мен оның достарының» шытырман оқиғалары — қазіргі қазақ балалары қазақ мифологиясының сиқырлы әлеміне енген боевиктерге толы хикаялар. Кітаптардың мақсаты — балаларды кітап оқуға, қазақ мәдениетіне, тіліне баулу, Қазақстанның әдет-ғұрыптары, өлкелері, тарихы, көрікті жерлері, ел аңыздары туралы қызықты әңгімелеу.
2022 жылы елордада ЭКСПО іскерлік орталығының аумағында ашық ауада коньки тебу маусымының дәстүрлі ашылуы өтті. Сыйымдылығы 150 адамға дейін ЭКСПО ашық мұз айдыны «НҰР ӘЛЕМ» болашақ энергиясы мұражайында орналасқан. Мұз жамылғысы 1300 шаршы метрден астам аумақты құрады. Мұз айдынына кіру тегін. Келушілерге ыңғайлы болу үшін киім ауыстыратын бөлме, тамақтану орындары және 3 мың көлікке арналған тәулік бойы жұмыс істейтін жерасты тұрағы қарастырылған. Мұз айдынына келушілер үшін конькиді жалға алу небәрі 500 теңге/сағ.