190 млн: Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған сыбайластар сотталды

Фото: abai.kz

Ақмола облысында сыбайласып 190 миллион теңге бюджет қаржысын жымқарған Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының және ЖШС басшыларына қатысты сот  үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған адамдар Қосшы қаласында электрмен жабдықтау объектілерін салу жобасы бойынша жұмыс актілеріне қол қойып, нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын аудару жолымен аса ірі мөлшерде ақша жымқырған (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-бөлімшесі).

Сотта Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің және «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшылары кінәсін мойындамады, ал ЖШС басшысы кінәсін ішінара мойындады.

Сотталушылардың кінәсі мемлекеттік сатып алу туралы шартымен, сараптама қорытындылары, жобалау-сметалық және бухгалтерлік құжаттармен расталды.

«Қосшы қалалық сотының үкімімен Целиноград аудандық құрылыс бөлімінің басшысына 7 жылға, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етіп, залалды ішінара өтегенін есепке ала отырып, ЖШС басшысы шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардан келтірілген материалдық залал мемлекет кірісіне ортақ тәртіппен өндірілді», - деді Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында алаяқтық жолмен бюджет ақшасын жымқырған есепші сотталғанын жазған едік.