1916 жыл. Ақтөбе өңіріндегі толқулар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақ жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толды. Бұл - біздің тарихымыз. Ал тарихты ұмытуға хақымыз жоқ. Біз мүгінгі мақаламызда стихиялы түрде болса да күллі қазақ даласын шарпыған көтерілістің өз өңірімізге қатысты тұстарын баяндамақпыз.

Патшалық Ресейдің 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы елдегі саяси-экономикалық жағдайды шиеленістіріп жіберді. Соғыс жаңғырығы Орталық Азия мен Қазақстанға да жетті. Әсіресе, 1916 жылғы 25 маусымдағы «Бұратана халықтардан 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды тыл жұмыстарына алу туралы» Патша жарлығына сәйкес, Қазақстан мен Орталық Азия, Сібір халықтарынан 400 мыңға жуық адам алуы жоспарлануы мәселені ушықтырып жіберді. Жарлықта көрсетілгендей, адамдардың соғысқа емес, тыл жұмысы үшін алынатыны, яғни оларды қара жұмысқа ғана жарамды деп табуы елді кемсіту, сенімсіздік білдіру деп қабылданып, халықтың ашу-ызазын тудырды. Әскерге алу шаралары жергілікті биліктегілерге жүктелгені де отқа май құя түсті. Өйткені болыстардың тізім жасағанда қолында билігі бар ауқатты адамдардың ұлдарының жасын жасырып, олардың орнына кедей-кепшікті тығып жіберуі жаппай наразылыққа ұласты. Жетісу, Торғай аймақтарында көтеріліс бұрқ ете қалды. Торғайда тұтанған көтеріліс Ақтөбе аумағын шарпып, Ырғыз өңірінде Қызылжар, Аманқұл, Тәуіп, Кенжеғара, ал Шалқар, Темір, Ойыл өңірлерінде Шипевск, 1-Ойыл, 2 -Ойыл, Қайыңды, Ойыл-Қиыл, Қазыбек, Жетікөл, Қарағанды болыстарындағы толқуларға ұласты. Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттарда Ақтөбе өлкесіндегі көтеріліс барысы көтерілісшілердің, оқиға куәгерлерінің естеліктерімен дәйектелген. Бұл құжаттар 1916 жылы Ақтөбе жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысының Ырғыз, Жем бойында, Ойыл, Шалқар аймақтарын қамтығанын растайды, оған қатысқан куәгерлердің - Қалдан Тәжіғұлов, Ысқақ Бисембин, Алмағамбет Нақанов, Жайсаңбай Байтүгелов, т.б. естеліктерінде көтеріліс себептері мен барысы туралы мол мағлұмат береді.

Қазақстанды зерттеу қоғамының Ақтөбе облыстық бөлімінің құжаттарында көрсетілгендей, 1916 жылы шілдеде Ырғызда әскерге алынатындар тізімі жарияланғанда, жастары дұрыс көрсетілмей, егде жастағы кедейлер соғысқа жарамды деп табылған. Сол бойда наразылық туып, №10 ауыл тұрғындары Кетай Қатшин, Үкен Пірманов, Жақсылық Аққуов, Төлеген Балаңбаев, т.б. көтеріліске шығуға үгіт жүргізіп, 30 үй Нарқызылға көшкен. Кейін оларға №2, 3, 5, 6, 9 ауылдар қосылған. Көтерілісшілер Әшеке Қаражановты хан сайлап, Келтай Қатшинды соған кеңесші етіп, 40 адамдық топ құрады. Ақтөбеден оларға қарсы Лекторский бастаған жазалаушы отряд шығады. Көтерілісшілер жағынан 4 адам қаза тапқан ұрыста жазалаушы отряд оларды жеңе алмай, келіссөзге шақырған. Көтерілісшілер қарсылықты тоқтатын болып, Лекторскийді кері қайтарған. Алайда наразылық басылмай, оларға Аманкөл, Қараөткел, Тәуіп елді мекендерінде қарсылық көрсеткендер қосылады. Ырғыз азаматы Рысмағанбет Асановтың естелігінде тізімде көп жағдайда әскерге жарамды дегендердің жасы өзгертілгенін, бұған қарсылық ретінде көтерілгендердің саны 1500-ге жеткенін айтып, басшылары ретінде Т.Қисықов, А. Тыртықбаев, Қ.Мәмбетов, Е.Адаевтар атап көрсетіледі. Ахмет Ескендіровтің жазуынша, Ырғыз уезі Қызылжар болысында тізімге 13 пен 53 жастағылар да енгізіліп, халық толқуына әкелген. Мұндағыларға Байсай болысында жұрттың көтерілгені туралы хабар жеткен бойда топ құрылып, Тайшым Орысов басшы сайланады. Ол сарбаз жинап, ұсталарды қару соғу жұмыстарына жұмылдырады. Тайшым Торғай көтерілісін бастаған Амангелді Имановқа адам жіберіп, көмек сұрайды. Амангелді өздерінде де қарудың аздығын, қажет болған жағдайда қол ұшын беретінін айтады. Бұл кезде әскерге алынғандарды Ырғызға жіберу туралы бұйрық келіп, болыстар хабарды ақсақалдарға жеткізеді. Байлар - А.Беркінбаев, О.Шынарбаев, С.Монатов, Б.Шакибаев, Қ.Қосқұлақовтар (архивте жазылған нұсқасында беріп отырмыз, - Б.Е.) сарбаздарға барып, қарсылықты тоқтатып, патша жарлығын орындауға шақырып, әйтпесе қатаң жазалау болатынын ескертпек болады. Тайшым байлардың тек қана үгіт жүргізуге ғана емес, көтерілісшілер санын білу, яғни барлау мақсатында келгенін біліп, оларды жазалауға бұйырады. Құжаттарда Тайшымның бұйрығымен сарбаздар байларды жарты жолда қарсы алып, түгел өлтірді деп жазылған. Деректерге сүйенсек, Тайшым бастаған 500 сарбазға Боқсайда Масищев, Актов, генерал Лаврентьев бастаған патша әскері шабуылдайды. Көтерілісшілер көп шығынға ұшырап, дені тарап кетеді. Тайшымның қасында 40 шақты адам қалады. Ақыры ол бастаған топ Қызылжар болыстығы аумағында патша әскерінің қоршауында қалып, өзі қолға түседі. Тайшымның ұсталғанын естіген өлтірілген байлардың туыстары оны соққыға жығып, ол Ырғыздағы түрме ауруханасына жатқызылады. Жазылғасын қамалады. Ақпан төңкерісінен соң абақтыдан босатылыпты. Құжаттарда Шалқар өңіріндегі наразылыққа Сүлей Биімбетовтің басшылық еткені баяндалады. Маусым жарлығына қарсы шыққан Сүлей көрші ауылдардан 25 адам жинап, Елмағанбет болыстың ауылына шабуылдап, 100-ден аса малын айдап әкетеді. Уезд басшыларының бірі болыстарға тізімді 10 күн ішінде дайындауды бұйырған екен. Олар тізімге тек кедейлерді енгізеді. Тізімге ілікпеу үшін малы барлар пара берсе, жағдайы жоқтар ауылдардан көше бастайды. Құжаттарда көрсетілгендей, ашынған халық Мақан Жүндібаев пен Ерғара Данияровқа барып, губернаторға бірнеше адамның жіберілгенін естиді. Олар - Есжан, Қосжан Уайсовтар, Қазыбек Әлжанов, Нәрен Тайтараев, Базарқожа Сулейменовтер. Бір ай бойы олардың жолына қараған халықтың үміті ақталмайды: «Әскерге адам беру қажет!» деген хабар алады. Ауылдар енді жаппай көше бастайды. Қарақұм арқылы Мұзбелге жетеді. Алайда Шалқар мен Ырғыздан 50 адамдық әскер шығып, күшпен кейін қайтарылады. Шалқар аймағында Ордақорған болысының азаматтары Жасмұратовтың басшылығымен Табын аймағына көшіп кеткен... 1936 жылы Ақтөбе облыстық Қазақстан тарихын зерттеу қоғамдық ұйымының мүшелері Ақтөбе облыстық атқару комитетіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 20 жылдығын атап өту жөнінде ұсыныс жасайды. Осы шара барысында көтерілістің 20 жылдығына арналған пленум ұйымдастырылады Көтеріліске қатысқандардың естеліктері, фотолары, т.б. құжаттар жиналады. Мұрағатта көтеріліске қатысқандар шалқарлық Қ.Ержанов, ақтөбелік У.Сисеналин, ырғыздық Р.Асанов, А.Берестеновтер туралы мәліметтер бар. Ырғыздық Қадыралы Ержановтың есімі Қазанғап күйшінің шәкірті әрі көтеріліске қатысушы ретінде құжатқа түскен. 1936 жылы 14 қыркүйекте Қазақстанды зерттеу қоғамының Ақтөбе бөлімінің құжаттарында «Шалқар аудандық атқару комитетінің төрағасы қолы қойылған №14/9 куәлікте «Қ.Ержанов 1916 жылғы қазақтар көтерілісінің 20 жылдығына орай Ақтөбеде өтетін пленумға жіберіледі» - деп көрсетілген. Оның өмірбаяны өз аузынан жазылып алынған. Ол Июнь жарлығына қарсы 400 адам қатысқан көтерілістің ішінде болғанын, патша тақтан құлаған кезде көтерілісшілердің тарағаны туралы баяндайды. Орынбор мұрағатында сақталған сол кездегі №35 Орынбор теміржолы бастығының хатшысы Чагиннің жандармдық басқармаға 1916 жылғы 30 шілдеде жазған хатында: «Жаппай солдатқа алу туралы хабарлағаннан кейін, екінші күні-ақ Ташкент теміржолының Шалқар стансасындағы жұмысшы қазақтардың бірде-біреуі қалмастан жұмыстан кетіп қалған. Көпшілігі тіпті тиісті ақшаларын да алмай кеткен. Жұмысшылар Шалқар стансасынан 30-40 шақырым жердегі Жомарт елді мекеніне бет алған. Жол шеберінің қарамағында істейтін Ысмағұл Байсанов 70 шақты қазақтың Шалқар стансасына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын естіпті» - деп жазады. Қазақстанды зерттеу қоғамының Ақтөбе облыстық бөлімінің құжаттарында Жайсанбай Байтүгелов, Ысқақ Бисембин, Қалдан Тәжіғұлов, Ахмет Ескендіров (Ырғыз), Асубай Қалымбетов, (Шалқар), т.б. көтерілісшілердің аттары аталып, сол оқиға куәгерлерінің естеліктері жазып алынғаны баяндалады. Қазіргі Қобда ауданына қарасты өңірдегі көтеріліс барысы Бекет Ещанов, Құлмақ Майемеров, Қамитжан Есенғалиевтердің естеліктерінде баяндалады. Ал Ойылдағы Бабатай болысындағы жұртты Жиеналы хазірет көтеріпті. Өзін хан, Тумыш Молданиязовты әскербасы деп жариялған ол халық арасында патша жарлығына қарсы үгіт жүргізеді. Құжаттарда Тумыш Молданиязовтың басшылығымен Қайыңды болысының кедейлері топ құрғаны таңбаланыпты. Тумыш әскербасы өз адамдарын Қиыл-Ойыл, Құмды-Ойыл, Ақ-Жалас, Қарағанды болыстарындағы халықты көтеруге шақырған. Нұрмақан Нұрбаев есімді азамат бесінші, алтыншы ауылдардан 200-дей жігіт жинап, болыстан тізімді тапсырмауды талап етеді. Кейін ол қарауындағы жігіттермен бірге Тумыш отрядына қосылады. Бегалы ауылына келіп, балта, айыр, т.б. қаруланған жігіттер болыс кеңсесі мен жандармерияны басып алады. Болысты қарусыздандырып, бай саудагерлердің заттарын тартып әкетеді. Осы кезде Исламғали Құрманов деген мұғалім көтерілісшілер арасында үгіт жүргізіп, Ресейдегі патшаға қарсы жұмысшы-шаруаларға қосылуға үндейді...

Қиыл-Ойыл болысындағы толқуды басуға 40-50 солдат жіберіліпті. Көтеріліс жаншылып, М.Нұсқин, Н.Нұрбаев, Д.Жанабаев, Қ.Қарақин, т.б. тұтқындалады. Жиеналы хазірет Ойылда атылады. Т. Молданиязов жүз адамдық тобы қарулы әскермен ұрысқа шығып, он адам қаза тауып, қалғандары тарап кетеді... Міне, биыл жүз жыл толған ұлт-азаттық көтерілістің біздің өңірдегі жалпы сипаты осындай. Әрине, құжат жүзінде құрғақ баяндалған бұл деректердің астарында көп дүние, сіз бен біздің ата-бабамыздың тағдыры, тарихы жатыр. Оны аршып, ақиқатқа жету үшін әлі де көп еңбектену, іздену керек. Бақытгүл ЕШМҰРАТОВА, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының қызметкері