«1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны жарыққа шықты

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешенінде «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаянының таныстырылымы болды.

ХХ ғасырдың 37-нші жылдары болған сұрапыл қуғын-сүргін оқиғаларының құрбандарына арналған бейнебаян «Ерте солған гүлдер» өлеңінің негізінде түсірілді. Сөзін жазған ақын Жарасбай Нұрқан, әннің авторы - Ерсайын Нарымбаев. Орындаушы - әнші Азамат Жылтыркөзов. «Мен өзім ән жазған уақытта өлеңнің сөзіне басты назар аударамын. Ал Жарасбай Нұрқанның осы өлеңін алғаш рет оқыған кезде, ерекше бір сезімге бөлендім. Оның жарыққа шыққан алғашқы нұсқасын бірден қиып алып, әлі күнге дейін сақтап келемін. Бұл өлең мені айрықша бір толғанысқа түсірді. Содан кейін мен осы өлеңге ән жазып шықтым», - дейді Е.Нарымбаев.

Өкінішке қарай, өлең сөзін жазған ақын Жарасбай Нұрқан бүгінде арамызда жоқ. Ол 1937 жылы туған екен. Осы жылдары болған қасіретті сол себепті де өз шығармашылығына арқау еткен.