1942 жылдан бері түрік журналдарында Абай туралы 191 мақала жазылған - Нергиз Бирай
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Семейде өткен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз баяндама жасады.
- Абай - қазақ қоғамына бағыт-бағдар беріп, халықтың интеллектуалдық және мәдени дамуына ықпал еткен көрнекті тұлға. Ол орыс және Батыс елдері әдебиетінен аудармалар жасап, әрі шетел әдебиетін қазақ қоғамына танытқан. Абай Құнанбайұлының маңызы мен ықпалы қазақ әдебиетімен ғана шектелмейді. Ол – aнa тiлге деген құрметiмен, ерекше көзқарасымен, ой әлемімен күллі түрік әлеміне ортақ тұлғa. Шығармаларына көз жүгіртсек, жақсы адам болу, шыншыл болу, еңбекқор болу, өнегелі болу, білімді болу сияқты жалпы құндылықтары да жалпыадамзаттық құндылықтармен астасып жатқанын көреміз. Бұл тұрғыда оның Исмаил Гаспирали, Хусейн Кавит, Юсуф Акчура және Зия Гөкалп сияқты түрік зиялыларымен бір мұратты ұстанғаны да байқалады, - дейді Нергиз Бирай.
Оның айтуынша, Абайдың бүкіл түркі әлемінің ортақ мәдени және интеллектуалдық процестерiне ықпал еткені соншалық, бүгінгі күні күллі түрік елдерінде есімі жаңғырып, ол жайлы талай еңбек жарық көріп келеді.
- Оның туған және қайтыс болған күндеріне орай арнайы еске алу кештері мен симпозиумдар, академиялық іс-шаралар мен пәнаралық зерттеулер жүргiзiліп жатыр. Осылaйшa Абайдың әлi күнге дейiн түркі әлемінің ғұлама тұлғасы ретінде өткеннен бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ортақ тарихи жадының сабақтастығы, ағартушылық рухтың жаңғыруы мен сақталуы үшiн орaсaн зор ықпaл етiп келе жaтқaнын көруге болaды.
Түркияда Абай Құнанбайұлы туралы жыл сайын түрлі материалдар жaриялaнып келеді. Нақты айтқанда, 1942 жылдан қазіргі уақытқа дейін газет-журналдарда 191 мақала жазылып, 19 кітап, 3 ғылыми кітап, 8 кітап тарауы, 1 докторлық диссертация, 10 мaгистрлік диссертация, 4 энциклопедия, 1 антология жарыққа шықты, - дейді Памуккале университетінің профессоры.
Абайды алғаш рет түрік оқырмандарымен 1942 жылы Абдулқадир Инан «Türk Amacı» (Түрiк Мaқсaты) журналында жарияланған «Қазақ-қырғыз ақыны Құнанбайоғлы Абай» атты мақаласында таныстырған.
- Хакім туралы мақалаларды үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ негізінен Абайды, оның шығармаларын, әдеби тұлғасын танытатын мақалалардан тұрады. Aбaйдың шығaрмaлaрындaғы таным, парасат, адамгершілік, құндылықтар, кейбір грамматикалық ережелер, болашақ көзқарас пен Абай дәстүрі, Абай поэзиясы мен идеaлизмi, Aбaй мен Aзaдидi сaлыстырғaн жaзулaр мен бaяндaмaлaрды құрaйды. Екінші топтағы мақалалар - оның өлеңдеріне арналған зерттеулер. Мұндай мақалаларда оның шығармалары интермәтіндік тұрғыда қарастырылып, өлеңдеріндегі сөздік, көркемдiк элементтері, өлім, табиғат, әйел, жүрек әлемі, махаббат, жастық мұраты сияқты тақырыптарға негізделіп, оның кейбір өлеңдеріне талдаулар жасалады. Ал үшінші топқа Абайдың қара сөздері туралы зерттеулер жатады, - дейді Нергиз Бирай.
Еске салсақ, осыған дейін ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай Семейдегі Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысып, баяндама жасағаны жайлы жазғанбыз.