1945 ж. 15 сәуірі: Кеңес әскерлері Австрияның Санкт-Пёльтен, Корнейбург және Флоридсдорф қалаларын жаудан азат етті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай эксклюзивті материалдарды жариялауды жалғастырады.

1945 жылдың 15 сәуірінде 3-ші Украин майданының әскерлері немістердің Австрия жеріндегі маңызды торабы және Трайзен өзені бойындағы күшті тіректі бекінісі - Санкт-Пёльтен қаласын алса, 2-ші Украин майданының әскерлері де осы күні немістердің Австрия жеріндегі маңызды торабы және Дунай өзені бойындағы күшті тіректі бекіністері - Корнейбург және Флоридсдорф қалаларын жаудан азат етті. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 17 сәуірінде (сейсенбі) шыққан №75-ші санындағы Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде жарияланған.

«2-ші УКРАИН майданының әскерлері 3-ші УКРАИН майданы әскерлерінің кемегімен, немістердің ВЕНАДАН солтүстікке қарай шегінбек болған әскер тобын қоршап талқандады және мұнымен бірге немістердің ДУНАЙ өзенінің сол жақ жағалауындағы қорғанатын күшті тіректі бекіністері - КОРНЕЙБУРГ және ФЛОРИДСДОРФ қалаларыи, сондай-ақ ХАГЕНБРУНН, БИЗАМБЕРГ, ЛАНГЕНЦЕРСДОРФ, ШТАММЕРС-ДОРФ, ЛЕОПОЛЬДАУ, КАГРАН, ШТАДЛАУ қыстақтарын алды», - делінген Кеңес ақпарат бюросының 15 сәуірдегі ұрыстар мәліметінен.

Сонымен қатар, аталмыш мәліметте 3-ші Украин майданының әскерлері шабуыл жасай отырып, осы күні немістердің Австрия жеріндегі маңызды торабы және Трайзен өзені бойындағы күшті тіректі бекінісі Санкт-Пельтен қаласын және ПРЕЙВИЦ, ТРАЙСМАНЭР, ПОТТЕНБРУНН, РАТЦЕРСДОРФ, ШТАТТЕРСДОРФ, АЛЬТМАНСДОРФ қыстақтарын алғандығы айтылған.

Майдан әскерлері бұдан бір күн бұрын - 14 сәуірде болған ұрыстарда барлығы 1 140 неміс солдаты мен офицерін тұтқындады.

Осы жеңістерге байланысты жоғарыда аталған екі майдан әскерлерінің қолбасшыларына осы ұрыстарда көзге түскен құрамалар мен бөлімдерді ордендермен марапаттауға ұсыну және 15 сәуірде Мәскеу қаласында кешкі сағат 21:00-де 3-ші Украин майданы әскерлерінің құрметіне жүз жиырма төрт зеңбіректен он екі дүркін, ал 2-ші Украин майданы әскерлерінің құрметіне сол күні кешке 22 сағат 30 минутта екі жүз жиырма төрт зеңбіректен жиырма дүркін артиллерия оғын атып, Отан атынан салют берілетіндігі және оларға Алғыс жарияланатындығы туралы Жоғарғы бас қолбасшы Йосиф Сталиннің тиісті бұйрықтары шықты.

15 сәуір күні Кеңес әскерлері басқа майдандарда да елеулі жеңістерге қол жеткізген.

«Земланд түбегінде, КЕНИГСБЕРГТІҢ солтүстік-батыс және батыс жағында, 3-БЕЛОРУС майданының әскерлері шабуыл жасай отырып, 60-тан аса елді жерді, олардың ішінде РАУШЕН, ГЕОРГЕНСВАЛЬДЕ, ВАРНИКЕН, ГРОСС КУРЕН, КЛАЙН КУРЕН, БРЮСТЕРОРТ, ГРОСС ДИРШКАЙМ, КРАЙСЛЯ-КЕН, ГРОСС ХУБНИКЕН, КЛАЙН-ХУБНИКЕН, ДОРБНИКЕН, КРАКСТЕПЕЛЛЕН, ПАЛМ-НИКЕН, ЗОРГЕНАУ, ВИЛЛКАУ, ТИРЕНБЕРГ, НОРГАУ, КЛАЙН МЕДЕНАУ, МЕДЕНАУ, АДЛИХ ПОВАЙЕН, ШУДИТТЕН, КОНДЕНЕН және ВИДИТТЕН қыстақтарын алды. Бұл ауданда 15 сәуірде болған ұрыстарда майдан әскерлері 3000 аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсірді» - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, газеттің үшінші бетінде қазақтың көрнекті ақыны, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Асқар Тоқмағамбетовтің «Егіс даласында» деген мақаласы басылған.

Онда журналист егіншілер үшін сәуір айының алар орны мен егін егу науқанының барысын сипаттай келе, озат колхоздарды үлгі етіп, артта келе жатқан колхоздарды өткір сынайды.Сөйтіп егіншілерді «Жеңіс жылын жемісті етіп» қарсы алуға шақырады.

Газеттің көшірмелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ-нен алынды. Орталық директоры Алқия Рахымбаеваға алғыс білдіреміз.