1945 ж. 22 сәуірі: Берлинде қиян-кескі көше ұрыстары басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 22-ші сәуір. Берлиннің шығысы мен солтүстік жағы. 1-ші Белорус майданының 3-ші екпінді армиясы қаланың айнала қорғаныс шебінде, ал 5-ші екпінді армия мен 8-ші гвардиялық армия ішкі қорғаныс шебінде ұрыс жүргізумен болды. 69-шы армия қаладан 50 шақырымдай жердегі Фюрстеньвальде қаласын басып алды.

Берлинді қоршауға алу жолында 1-ші Белорус майданының 61-ші армиясы, 1-ші Польша армиясы мен 1-ші гвардиялық кавалерия корпусы Берлинді шабуылдап жатқан әскерлерді солтүстіктен қорғай отырып, батысқа қарай 20-30 шақырымға алға жылжыды. 47-ші армия мен 2-ші гвардиялық танк армиясының алдыңғы бөлімшелері Хафель өзеніне жетіп, одан Хеннигсдорф қаласы тұсынан өтіп, оңтүстікке - Потстамдға қарай жылжыды. Ал бұл, оларға оңтүстіктен қарсы келе жатқан 1-ші Украин майданының әскерлерімен қосылып, Берлинді толығымен қоршауға алуға жағдай туғызды.

Берлиннің оңтүстік жағында 1-ші Украин майданының 3-ші гвардиялық танк армиясы 28-ші армияның 2- ші атқыштар дивизиясымен күшейтіліп, қаланың сыртқы қорғаныс шебін бұзып, Берлиннің айналма жолын Юнсдорф тұсынын кесіп өтіп, қаланың оңтүстік іргесіне басып кірді. Кешке қарай, Тельтов су арнасына шықты. Осылайша, Берлинді оның оңтүстік шығысындағы 9-шы неміс армиясының негізгі күштерінен бөліп тастауға мүмкіндік туды.

Ал неміс қолбасшылығы болса кеңес әскерлерін қалайда тоқтату үшін қолда бар күштердің барлығын ұрысқа салуда. Берлиндегі әскери оқу орындары толығымен жабылып, курсанттар мен қызмет көрсетуші құрамдардың барлығы майданға аттанды. Берлинде 15 жастан 65 жасқа дейінгілер арасында жаппай әскерге шақыру науқаны басталды. Барлық зениттік зеңбіректер Берлинде танкке қарсы артиллерия ретінде қолданылуда. 22-ші сәуір күні Гитлер батыс майданнан шақырылған генерал Венктің 12-ші армиясына батыстан және оңтүстік-батыстан тезірек Берлинге жетуді бұйырды. Дегенмен, біздің әскерлер дұшпанның қарсылығын жеңе отырып, алға жылжуда.

Эльба өзеніне келіп тұрақтаған одақтастармен кездесу бағытында 1-ші Украин майданының 4-ші гвардиялық танк армиясы Зармунд ауданына шығып (Потсдамның оңтүстік-шығысына қарай 10 шақырым жерде) немістердің Берлиндік тобының оңтүстік-батысқа қарай шегінер жолын кесіп тастады. 3-ші гвардиялық армия 22 сәуір күні қиян-кескі ұрыстардан кейін Котбус қаласын алды. Армия әскерлері дұшпанның Франкфурт-Губен тобын оңтүстіктен қоршалады. Сондай-ақ, майданның 13-ші армиясы Эльба өзеніне қарай жылжи отырып, бір күнде 45 шақырым жүріп, Ютербог - Цана - Эссен межесіне жетті. Ал 5-ші гвардиялық армия Кирххайн - Эльстерверда межесіне шықты. 52-ші және 2-ші Польша армиясы бұл күні қорғаныс ұрыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, 22-ші сәуір күні Германияның солтүстігінде 2-ші Белорус майданының 65-ші армиясы 2 шақырымға, ал 70-ші армия 3 шақырымға алға жылжыды. Вест-Одер өзенінің батыс жағындағы басып алынған плацдармның ұзындығы 24 шақырымға ал ені 3 шақырымға жеткізілді.

Бұл күні кеңес әскерлері Германия жерінде бірнеше қала мен ондаған елді-мекенді басып алды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 24 сәуіріндегі (сейсенбі) №80-ші санында жарияланған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде нақты көрсетілген.

«ДРЕЗДЕН бағытында біздің әскерлер ЛЮБЕНАУ, ДАМЕ, ШЛИБЕН, ЗОННЕВАЛЬДЕ, ФИНСТЕРВАЛЬДЕ, РУЛАНД, ЕЛЬСТЕРВЕРДА, ШВЕПНИТЦ, БУРКАУ, БИШОФСВЕРДА қалаларын алды. Алдын ала деректер бойынша, бұл бағытта біздің әскерлер 17-21 сәуір аралығында 10 000 аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсірді және 96- ұшақ жне 150 - аса танк пен өздігінен жүретін зеңбіректерді олжалады.

БЕРЛИН бағытында біздің әскерлер БИЗЕНТАЛЬ, КАЛЬБЕРГЕ, КЛЕЙНШЕНЕК, ФРИДРИХСХАГЕН, ФЮРСТЕНВАЛЬДЕ қалаларын және Берлин маңындағы ГЛИНИККЕ, ЛЮБАРС, БЛАНКЕНФЕЛЬДЕ, РОЗЕНТАЛБ, БУХХОЛЬЦ, КАРОВ, БЛАНКЕНБУРГ, МАЛЬХОВ, ВЕЙСЕНЗЕЕ, ХОЗНШОНХАУЕЗЕН, МАРЦАН, БИСДОРФ, МАЛЬСДОРФ, ШЕНЭЙХЕ, ФИХТЕНАУ, ВИЛЬГЕЛЬМСХАГЕН елді-мекендерін алды.

Алдын ала деректер бойынша 17-21 сәуір аралығында бұл бағытта біздің әскерлер 13 000 аса неміс солдаты мен офицерін және 60 - ұшақты, 100 аса - танк пен өздігінен жүретін зеңбіректі және 500 аса дала зеңбіректерін олжалады.

ВЕНА қаласының солтүстігінде 2-ші УКРАИН майданының әскерлері шабуылдай отырып, Австрия жерінде 30 аса елді-мекенді алды. Олардың ішінде ДРАСЕНХОФЕН, ОТТЕНТАЛЬ, ВИЛЬДЕНДЮРБАХ, НОЙДОРФ, АЛЬТЕНМАРКТ, АЙХЕНБРУНН, МЕРКЕРСДОРФ, СИМОНОФЕЛЬД елді-мекендірн айтуға болады» - делінген мәліметте.

Айта кетелік, 21 сәуірде барлық майдандарда барлығы 156 неміс танкісі мен өздігінен жүретін зеңбіректер талқандалды және жойылған. Әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен 56 жау ұшағы атып түсірілді.