Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 27 сәуіріндегі (жұма) №82-ші санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде көрсетілген.
Сонымен қатар, осы оқиғадан кейін, 1,5 сағаттан соң, Эльба өзені бойында айтулы оқиға болды. 1-ші Украин майданының 5-ші гвардиялық армиясының 34-ші гвардиялық корпусының алдыңғы бөлімшелері Эльба өзені бойында одақтастар - америкалық әскерлермен кездесті.
Сонымен, Берлин толығымен қоршауға алынып, қазір орталығына қарай кескілескен шайқастар жүріп жатыр.
«1-ші Белорус майданының әскерлері ЭЛЬШТАЛЬ, РОРБЕК, МАРКВАРДТ қалалары мен Берлин маңындағы ФАЛЬКЕНЗЕЕ, ФАЛЬКЕНХАГЕН, ЛАГЕР-ДЕБЕРИЦ қалашықтарын және Берлиннің ТРЕПТОВ және БРИЦ аудандарын басып алды» - делінген мәліметте.
24-ші сәуір күні болған ұрыстарда майдан әскерлері 3500 астам неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 297 - ұшақты, 110 - дала зеңбірегін, 1130 автокөлік, 16 - паровоз, 1 311 темір жол вагонын олжалады.
Ал 1-ші Украин майданының әскерлері үш бағытта соғысуда.
«28-ші армияның бөлімшелері, 3-ші және 4-ші гвардиялық танк армиялары Берлинге тіке шабуыл жасауда. 4-ші гвардиялық танк армиясы 13-ші армиямен бірге немістердің 12-ші армиясының шабуылына тойтарыс беруде. 3-ші гвардиялық армия мен 28-ші армияның жеке бөлімшелері немістердің Берлиннің оңтүстік-шығысында қоршауға түскен 9-шы армиясын талқандап жатыр. Ал 3-ші гвардиялық танк армиясы 28-ші армияның үш дивизиясымен күшейтіліп, Берлиннің оңтүстік батыс бөлігінде қантөгіс ұрыстарын жүргізуде. 1-ші Украин майданының әскерлері КЕТЦИН және Берлин қаласының оңтүстік-батысында қаланың ЛИХТЕРФЕЛЬДЕ, ЦЕЛЕНДОРФ аудандарын толығымен басып алды» - делінген мәліметте.
Берлинде көше ұрыстары күндіз-түні толассыз жүруде. Кеңес қолбасшылығының есебі бойынша, Берлин гарнизонында 200 мыңдай жауынгер, 3000 зеңбірек және 250 танк бар. Қала қорғанысы мұқият ойластырылғанын айта кеткен жөн. Берлин шын мәнінде қамалға айналдырылған еді. Ол негізінен мықты оқ ату жүйесі, бекініс пункттері және қарсылық көрсету тораптарынан тұрды. Қала орталығына жақындаған сайын, бекіністер мықты бола түсті. Бұл үшін қабырғалары қалың темір-бетоннан жасалған бекініс ғимараттары салынған. Басқа ғимараттардың есік-терезелері оқ ататын ұяшықтарға айналдырылды. Ал көшелерде қалыңдығы 4 метрге жететін баррикадалар тұрғызылды. Одан басқа танкіге қарсы қолданылатын фаустпатрондар жиі қолданылу үстінде. Сонымен қатар, дұшпан метро желілерін белсенді пайдаланды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс желісі де мықты болды. Олардың негізгі күштері Тиргартен, Гумбольдтхайн және Фридрихсхайн деп аталатын үш мықты бетон ғимаратта орналасқан. Жалпы, 25 сәуір күні кешке қарай Берлин гарнизонының қорғаныс аумағы 325 шаршы шақырымды, ал Кеңес әскерлерінің Берлиндегі құрған майдан шебінің жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрады.
Қызыл армия әскер мен техникасының саны жағынан басымдыққа ие болғанымен оларды қала көшелерінде тиімді қолдана алмады. Танкілер қала көшелерінде тамаша нысанға айналды. Сондықтан арнайы шабуылдаушы топтар құруға тура келді. Олардың құрамында бір взводтан бір ротаға дейін жауынгер, 2-3 танк, зеңбірек, саперлар, байланысшылар және артиллерия күштері болды.
Тағы бір айта кететін жәйт, 25 сәуірде 3-ші Белорус майданының әскерлері Пиллау қаласы және қамалын алды. Сөйтіп, Земланд түбегінде жау әскерлерін толығымен талқандады. Осылайша 103 тәулікке созылған Шығыс Пруссия операциясы аяқталды.