1945 ж. 26 сәуірі: Кеңес әскерлері Берлиннің бірнеше ауданын басып алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1945 жылдың 26 сәуірінде, соғыстың 1405 күні Берлинде күндіз-түні толассыз көше ұрыстары жүріп жатты. Осы күні Кеңес әскерлері жаудың табан тірескен қарсылықтарын жеңе отырып, қаланың бірнеше ауданын басып алды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 28 сәуіріндегі (сенбі) №83-ші санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде көрсетілген.

Берлиннің орталық аудандарын - «Z» секторын немесе «Цитадельді» вермахттың (неміс қарулы күштері) соғысқа анағұрлым қабілетті бөлімшелері, эсэс отрядтары және басқа да таңдаулы бөлімшелер қорғады. Мұнда ұрыстар кескілескен сипат алды.

«26 сәуірде 2-ші Белорус майданының 65-ші армиясы ауыр ұрыстар жүргізе отырып, Германияның солтүстігінде орналасқан ірі теңіз порты - Штеттин қаласын басып алды. Сөйтіп 30 шақырым алға жылжыды»6 - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, 1-ші Белорус майданының әскерлері Берлин қаласында қиян-кескі көше ұрыстарын жүргізе отырып, ГАРТЕНШТАДТ және СИМЕНСШТАДТ аудандарын және Герлиц теміржол вокзалын басып алды. Сонымен қатар, Берлиннің солтүстік-шығысында майдан әскерлері ФИНОВ, ФИНОВФУРТ, МАРИЕНВЕРДЕР елді-мекендерін алды.

«ОДЕР-дегі ФРАНКФУРТ қаласының батыс және оңтүстік батысында майдан әскерлері КЕНИГС-ВУСТЕРХАУЗЕН, НОЙЕ-МЮЛЕ, ШТОРКОВ, БЕЕСКОВ, ЛИБЕРОЗЕ қалаларын және ЗЕНЦИГ, ГУССОВ, ГРОСС-ШАУЭН, ДАМСДОРФ, ХЕРЦБЕРГ, ГЕРС-ДОРФ, ШТРЕММЕН, ТРЕБАЧ, МИТВЕЙДЕ, ГРОСС-ЛЕЙТЕН, МОХОВ елді-мекендерін алды», - делінген мәліметте.

25 сәуірдегі ұрыстарда майдан әскерлері 2000-нан астам неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 70 - ұшақты, 30 - танк пен өздігінен жүретін зеңбіректі, 248 - дала зеңбірегін, 1467 - автокөлікті, 53 - паровозды, 3404 - темір жол вагонын олжалады.

Ал 1-ші Украин майданының әскерлері Берлиннің оңтүстік батысында кескілескен көше ұрыстарын жүргізе отырып, ДАЛЕМ ауданын басып алды. Ал Эльба өзенінің батыс жағалауында майдан әскерлері ТОРГАУ және СТРЕЛА қалаларын алды.

«25 сәуір күнгі ұрыстарда майдан әскерлері 1500 неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 238 - танк пен өздігінен жүретін зеңбіректі және 236 дала зеңбірегін олжалады» - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, осы күні 2-ші Украин майданының әскерлері Чехословакияның ірі өнеркәсіп орталығы БРНО қаласын алды.