1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін социалистік жүйеге қарсы күрестің бөлінбес бөлшегі ретінде қарастыру керек - тарихшы Серік Мәшімбаев

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Биыл Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы  бұрынғы социалистік республикалардағы революциялық қозғалыстардың жеңісіне 20 жыл толады.

Оларды  1986 жылы Алматыда болған  Желтоқсан көтерілісінен бөліп қарастыруға болмайды.  Желтоқсан - олардың бастамасы», дейді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында  Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті тарих факультетінің  жалпы тарих кафедрасының  профессоры Серік Мәшімбаев.

Бұрынғы социалистік республикалардағы  революциялар әр елде әртүрлі болды. Көбінде бейбіт жолмен өтті. Мысалы, Чехославакияда ол «барқыт революциясы», Венгрияда «нәзік революциясы» деп аталды. Бірақ олардың  сипаты әрқилы болды. Польшадағы, Румыниядағы  революциялар жұмысшы табының тікелей партияға, үкіметке қарсы күресінің негізінде жүзеге асты.

«Әрине, Шығыс Еуропадағы  кейбір елдерде революциялық қозғалыс ертерек  басталды. Әйтсе  де  демократиялық жаңару жолына түсу  кезеңі 1985 жылы орталық партия комитетінің сәуір пленумынан    кейін басталды. Оның алғашқы жаңғырығы - Қазақстанда жастардың бейбіт шеру жасап  алаңға шығуы. Өкінішке  қарай, осы бастама мен  оның дүниежүзілік тарихи маңызын біз әлі ашып айта алмай  жүрміз. Бұл оқиға емес, жаңғырығы дүниежүзіне жеткен  көтеріліс еді. Біз демократия үшін күрестік. Сондықтан   басқа елдер де ереуілдік қозғалыстарға шықты. 1986 жылдан кейін Польшада, Чехославакияда, Венгрияда, Болгарияда болған жағдайлардың ешқандай өзгешелігі жоқ. Бәріміз  тоталитарлық жүйеге қарсы күрестік. Сол себепті де оларды жүйеге қарсы күрестің бөлінбес бөлшегі ретінде қарастыру керек», дейді тарих ғылымының докторы Серік Мектепұлы.

Ғалымның пайымдауынша, олардың түпкі мақсаты социализмнен бас тартып демократиялық жолға,  нарықтық экономикалық қатынасқа түсу болды. Ол  күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Тоталитарлық, авторитарлық жүйеге  қарсы күресте қарусыз-ақ демократиялық жолға өтуге болатынын түсіндіріп бере алады. Одан алар сабақ әлі де көп.  Сондықтан да бұл революциялық қозғалыстардың дүниежүзілік тарихтағы рөлі  өте зор.