2-11 ақпан аралығында елордалық емханаларда Ашық есік күндері өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 2 - 11 ақпаны аралығында бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні және бастапқы кезеңде онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу онкүндігі аясында Астана қаласының денсаулық сақтау мекемелерінде Ашық есік күндері өтеді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Шара барысында маммолог және онколог дәрігерлер консультация жүргізеді. Сонымен қатар, келушілер скринингтен өтіп, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады.

Онкүндік аясында медициналық мекемелерде онкологиялық патологияны емдеу бойынша дөңгелек үстелдер, конференциялар, семинарлар, тренингтер өткізіледі.

Еске сала кетейік, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту Мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі онкологиялық аурулармен күрес болып табылады.