2,5 айдан бері Грузияда жоғалған қазақстандықтан хабар жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық турист Сергей Трофимов байланысқа шықпағалы 2,5 ай уақыт өтті.

Оны соңғы рет Грузияда көрген екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, С. Трофимовтың жоғалғандығы туралы хабар 23 шілдеде тараған еді. Астанадан барған турист бір ай бойы Грузияда саяхаттап, таулы жердегі Ушгули елді мекеніне жетккеннен кейін, сапарға шыққан. Соңғы рет оны жергілікті тұрғындар көрген екен.

 

16 қыркүйекте төрт альпинистен құралған бастамашы топ ҚР азаматын іздестіру шараларын жүргізеді. Олардың жұмысын төлеу үшін ерктілер 3 мың доллар көлемінде ақша жинап берді. Дегенмен де іздестіру шаралары нәтижесіз болды.

Іздестіру барысы туралы өзінің Фейсбуктегі парақшасында Сергейдің досы Әнуар Дүйсенбинов үнемі мәліметтерді жариялап тұрады. Ол бірінші болып досының жоғалғандығы туралы әлеуметтік желілерде дабыл қаққан болатын.

Бірінші күні альпинистер Ушгулидің жергілікті құтқарушыларымен кездесті. Кейіннен олар Шхара мұздығына бағыт алып, сол төңіректі шарлап шыққан көрінеді. Осы ретте төрт күн бойы альпинистер екі командаға бөлініп, мұздықтың маңын, жарықшақтарды, үстірттерді, сай-саланы, Шхараның оңтүстік беткейіндегі көлді қарап шықты.
 

Бесінші күні олар Энгури өзенінің жағасы бойымен жүріп, іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы үстірттерде және өзен маңында бірқатар заттар, яғни көзілдірік, монопод және аяқ киім табылған. Алайда, Сергейдің жақындары бұл табылған нәрселер оның заттары емес екендігін хабарлады.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде әзірге бұл оқиға бойынша жаңа деректер жоқ көрінеді.

«Елшілік іздестіру шараларына қатысты тиісті көмек көрсету тетіктерін қамтып отыр, осы ретте грузиялық ІІД, ТЖМ, СІМ секілді қажетті ведомстволардың қызметтерін қостық. Біз осы мәселені қадағалауда ұстап тұрмыз. Қандай да бір ақпарат анықталған кезде, бұл жайында хабарын береміз»,-деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.