Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Сауд Арабиясының қажылыққа жауапты мемлекеттік мекемелерінің дерегіне сүйеніп хабарлауынша, биыл мұсылмандық парызының бірін өтеу үшін қасиетті мекенге сапар шеккендердің саны 2,5 миллион адамды құрады.
«Әрбір елдің миллион тұрғынына шаққанда 1000 адамға квота бөлінген. Соған сәйкес Индонезиядан биыл 200 мың мүмін қажылық парызын өтеуге келді», - делінген таратылған хабарламада.
Ел билігі қажылық кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 63 мың полицияны жұмылдырды, оның 35 мыңы арнайы бөлім жауынгерлері. Сондай-ақ, 22 мың әскери мен 450 бронетранспортер Мекке көшелерін өз бақылауларына алды.
Онымен бірге, Әл-Харам мешітін айнала 1500 жасырын камера орналастырылды. Жаңадан ашылған 29 полиция бөлімшесі тәулік бойғы жұмыс режіміне көшті. Ал, қажыларға 20 мыңнан астам дәрігерлер мен медбикелер медициналық қызмет көрсетуге дайын. 5 тікұшақ пен бірнеше құтқару бөлімшесі де төтенше жағдайлар үшін сақадай сай дайын, 12 мыңнан астам гид жұмыстарына кіріскен.