2,5 мыңнан астам әлеуметтік нысандардан 16 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық анықталды - В. Божко

АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жыл басынан бері еліміздің 2,5 мыңнан астам әлеуметтік нысандарынан 16 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық анықталды.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жыл басынан бері министрліктің жедел қызметтерімен 54 мың 13 апаттық-құтқаруға шығу шаралары жүзеге асып, 6 мың 392 адам құтқарылды және төтенше жағдай аумағынан 4 мың 419 адам оқшауландырылып, 942 зардап шегушіге алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік бақылау комитеттерімен өндірістік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша қосымша шаралары қабылданды. Өрт қаупі туындайтын жағдайдағы немесе адамдарға нақты қатер төндіретін 8,5 мыңнан астам нысандардың қызметі тоқтатылды. Әкімшілік жауапкершілікке 40 мыңнан астам адам тартылды. Өндірістік және өрт қауіпсіздігі нормаларын өрескел бұзған кінәлілерге 282 млн. теңгеден астам айыппұл салынды», деді В. Божко.

Министрдің айутынша, ағымдағы жылғы тексерулер барысында білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы өрт қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Мәселен, министрлік тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесінде, ағымдағы жылы 2,5 мыңнан астам әлеуметтік нысандардан 16 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық анықталған.   «Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікке 1 мың 438 жауапты тұлға тартылды. Олардың арасында 1 мың 331 тұлғаға 8 млн. 387 мың теңгенің айыппұл санкциялары берілді. Нысандардың жұмысын тоқтатуға арналған 93 өтініш ауданаралық экономикалық соттарға жолданды», деді министр.