2 адам ауруханада: Ақтөбеде көлік ұрлап, полициядан қашқан күдікті жол апатына түсті

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде көлікті айдап кеткен күдіктілер полицияны көріп, қаша жөнеледі. Жол ережесін бұзған жүргізуші өзге көлікке соқтығысып, өрт шықты. Салдарынан екі адам ауруханаға түсті. 

Оқиға кеше Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин даңғылында болды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сауда үйінің бірінің автотұрағынан Daewoo Nexia автокөлігі ұрланды. Кейін патрульдік полиция ұрланған көлікті байқап, тоқтауын талап еткен. Алайда жүргізуші бағынбай, жылдамдықты асырып, қаша жөнеледі.

– Ізге түсу кезінде күдіктілер Кеңес Нокин даңғылында қарсы жолаққа шығып, ВАЗ автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан екі автокөліктен де өрт шыққан. Жол-көлік оқиғасынан ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Екі күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Көлікті заңсыз айдап әкету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Ақтөбеде тек рецептпен сатылатын дәрі мен психотропты заттарды заңсыз сатқан екі күдікті ұсталды. Олардан ақша мен дәрі-дәрмек тәркіленді.