2 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 106,6 пайызға жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 2 айында еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 106,6 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 2 айының қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібі секторларында оң үрдіс сақталды. Жиынтық көрсеткіш 106,1 пайыз. Машина жасау саласында 121,2 пайыз өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электронды және оптика жабдықтары, электр жабдықтарын жөндеу және орнату артты», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған министр.

Министр дерегінше, түсті металлургияда да оң динамика сақталып, өсім 5,4 пайыз болды. Оған тазартылған алтын, тазартылған күміс, құйма алтын, түйіршік күміс, катодты мыстың және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді.

«Қара металлургияда нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Шойын, ферро-силико-марганец өндірісі өсті», - деді БейбітАтамқұлов.