АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық журналистерге қарсы қылмыстың жазасыз қалуына тойтарыс беру күні
БҰҰ-ның халықаралық күндер тізбесіне енген. 2013 жылғы 27 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы «Журналистердің қауіпсіздігі және қылмыстардың жазасыз қалуы» атты қарарды бірауыздан қабылдап, 2 қарашаны журналистерге қарсы жасалған қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы халықаралық күн деп жариялады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1989 жылы Дүнгендердің алғашқы республикалық құрылтай конференциясы өтіп, онда Алматыда Дүнген мәдени орталығын құру туралы шешім қабылданды. Орталықтың алғашқы төрағалары болып Бакир Яхияұлы Баяхунов пен Ілияс Набиевич Вансванов сайланды.
1999 жылы Семей университетіне Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі берілді. Университет ғимаратының алдына Шәкәрімнің ескерткіші орнатылды.
2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі ашылды. Музейдің мақсаты – қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, сондай-ақ жаппай қылмыс құрбаны болған адамдардың құжаттары мен фотосуреттерін жинақтау.
2005 жылы Қазақстанның отын-энергетика кешенінің серпінді әрі тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесетін заңды тұлғалардың тәуелсіз, ерікті және коммерциялық емес бірлестігі – «KAZENERGY» қауымдастығы құрылды.
2006 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОӘК) мүшесі болып сайланды. ЭКОӘК – экономика, әлеуметтік даму, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру салаларындағы халықаралық мәселелерді шешуге жауапты БҰҰ-ның негізгі органдарының бірі.
2011 жылы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ өндіріс алаңынан Қазақстанда құрастырылған 100-ші локомотив шықты. 0100 нөмірлі тепловоз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылды. Мерейтойлық ТЭ33А локомотиві Аягөз пайдалану локомотив депосына тіркелді.
2015 жылы Астанаға Халықаралық көрмелер бюросының туы жеткізілді. ЭКСПО туын Қазақстанға Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіндегі Қазақстан ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин әкелді. ЭКСПО-2015 көрмесін ұйымдастырған Италия Республикасы туды ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу мәртебесіне ие Қазақстанға салтанатты түрде табыстады.
2015 жылы Лондонда Ұлыбритания мен Қазақстан университеттерінің алғашқы форумы өтті. Тәжірибе алмасу алаңына айналған жиында Қазақстанның 35 және Ұлыбританияның 32 жоғары оқу орнының басшылары жүзбе-жүз кездесіп, халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
2016 жылы тараздық шахматшы Мадина Дәулетбаева әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағын ресми түрде иеленді. Ол Жамбыл облысы тарихында бұл жоғары дәрежеге қол жеткізген алғашқы шахматшы атанды.
2016 жылы Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Сыздықовтың есімі жазылған белгі ашылды. Бұл аллеядағы жетінші белгі болды.
Болат Сыздықов 1956 жылғы 21 маусымда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға әуес болып, джаз гитарасы бойынша білім алған. 16 жасында Қарағанды филармониясына солист болып қабылданды. Әр жылдары «Гүлдер», «Арай», «А-Студио» ансамбльдерінде өнер көрсетті. 1992 жылы «Мюзикола» дуэтін құрды. 2012 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2016 жылғы мамырда дүниеден өтті.
2018 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясымен 925 сынамалы күмістен жасалған номиналы 5 000 және 500 теңгелік «Теңгеге 25 жыл» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.
2018 жылы Астанада латын графикасындағы «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің алғашқы саны таныстырылды. Басылымның мақсаты – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттау және жаңа емле ережелерін түсіндіру. Газеттің «Әліпби», «Рухани жаңғыру», «Кие», «Ғалам», «Емле», «Сарап», «Таным» айдарларында жаңа әліпби мен түрлі танымдық материалдар жарияланады.
2019 жылы Данэлия Тулешова Қазақстанның туризм елшісі атанды. Енді ол әлемдік аренада еліміздің туристік әлеуетін таныстырады. Жас елшіні тағайындау рәсімі Қазақстанның Жастар жылы аясында елордада өткен «ZhasStar» фестивалінде өтті.
2020 жылы Берлинде «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуы өтті. Жиында Германиядағы қазақ қауымдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
2021 жылы Алматының Медеу ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-лингвист Нұртас Оңдасыновтың бюсті ашылды. Ол республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет, өнер, ғылым және білім салаларының өркендеуіне зор үлес қосты.
Нұртас Оңдасынов – соғыс жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясын дамытуға ұйытқы болған тұлғалардың бірі. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Ұлттық консерваторияның ашылуына ықпал етті. Сондай-ақ шет тілдері, дене шынықтыру институттарын және облыс орталықтарында мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындарын ашуға бастамашы болды.
2021 жылы Сәтбаев қаласында «Ұлы Дала» тарихи-музей саябағы ашылды. Саябақта Сарыарқаның тарихи ескерткіштері – Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, Хан ордасы, Аяққамыр мен Болған ана кесенелерінің макеттері қойылған. Сондай-ақ Ұлытау тауларының шағын үлгілері, Теректі петроглифтері мен «Төрт босаға» атты төрт әйгілі бидің барельефі таныстырылған.
2023 жылы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитіне Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Мажарстан, Өзбекстан және Түрікменстан басшылары қатысты.
2024 жылы 17 жастағы джиу-джитсудан сегіз дүркін әлем чемпионы Жібек Құлыбетова әлем біріншілігінде 11-ші алтын медалін жеңіп алды. Ол Грекияда 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, Грекия, Моңғолия, БАӘ, Франция және Израиль спортшыларымен өткен бес белдесудің бәрінде жеңіске жетті. Осылайша спортшының әлем чемпионаттарындағы атақ саны 11-ге жетті. Оның сегізі – джиу-джитсудан, үшеуі грэпплингтен.
2025 жылы Бангкокте өткен джиу-джитсудан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Жібек Құлыбетова Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медаль сыйлады. 18 жастағы спортшы ересектер арасындағы жарысқа алғаш рет қатысып, бірден чемпион атанды. Бұған дейін Жібек джиу-джитсу мен грэпплингтен жастар арасында 11 рет әлем чемпионы атанған. Алтын жүлдеге жету жолында Индонезия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Франция, Канада, БАӘ, Ресей және Филиппиннің қара белбеуі бар спортшыларымен белдесті. Шешуші кездесуде отандасы Райхан Абдуллаеваны 48 келіге дейінгі салмақта жеңді.