2 маусым. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Freepik

ЕСІМДЕР

61 жыл бұрын (1965) «Аstаnа Grouр» холдингінің негізін қалаушы және басшысы, Қазақстан меценаттар клубының құрылтайшысы және мүшесі, белгілі кәсіпкер Нұрлан Еркебұланұлы СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Фото: Астана Моторс

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1991 жылдан Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы «Нұрбұлақ» шағын кәсіпкерліктің директоры, 1992-1993 жылдары «Саят-Брок» ЖШС, «Мәдина» шағын өндірісінің коммерциялық директоры, 1993-1996 жылдары «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» вице-президенті, 1996-1997 жылдары «Мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясы» республикалық мемлекеттік өндірістің президенті, 1997-2004 жылдары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ-тың президенті, 2004-2006 жылдары «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының президентi қызметтерін атқарған. 2003 жылы Mega Development (MEGA СОО желісі) девелопер бөлімшесін ашты.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Болатбек НАЖМЕТДИНҰЛЫ дүниеге келді.

Фото: Мәжіліс

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1989 жылы Алматы есеп-несие техникумын, 1998 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, 2010 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтады.

Еңбек жолын 1989 жылы Созақ аудандық атқару комитетінің қаржы бөлімдерінде бухгалтер-ревизор, кейін экономист ретінде бастады. 1993-2000 жылдары әртүрлі құқық қорғау және күштік құрылымдарда қызмет атқарды, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер басқармасы, Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ОҚО және БҚО бойынша) бөлімшелері мен кеден органдары бар. 2003-2007 жылдары «Агромашсервис» және «Dala-Trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін қоса алғанда, бірқатар коммерциялық кәсіпорындарды басқарды. 2007 жылы мемлекеттік қызметке келіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің басшысы қызметін атқарды. 2009-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. 2013-2023 жылдары «Dala-Trans» ЖШС-нің бас директоры қызметін қайта атқарды.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

«Парасат» орденімен (2024), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2017), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен (2021) марапатталған. Түркістан қаласының, Сайрам және Созақ аудандарының Құрметті азаматы.

56 жыл бұрын (1970) Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш және жалғыз Үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы Ақмарал Елеусінқызы ҚАЙНАЗАРОВА дүниеге келген.

Фото: kazchoreography.kz

Алматы қаласында туған. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. 1998 жылы Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжін тәмамдады (Оңтүстік Үндістан, Ченнай қаласы), биші, хореограф, бхаратанатьям үнді классикалық би оқытушысы, 2000 жылы Мумбай Университеті жанындағы «Наланда» би өнерін зерттеу орталығын тәмамдаған, үнді өнері бойынша дипломы бар.

«Мәдениет диалогы-біртұтас әлем» (2006), «Үнді классикалық биінің әдеби негізі» (2007), «Үнді классикалық биі және шығыс жекпе-жек өнері» (2008), М. Әуезовтің «Үндістан туралы очерктері» бойынша «Үнді классикалық би орталығының би өрнектері» (2009) т. б. би жобаларының авторы. 1989 жылдан — Шетелдермен достық және байланыс қоғамы жанындағы «Шанти» Үндістан өнері әуесқойлар клубында үнді биінің хореографы (Алматы). 1993-1998 жылдары Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжінің студенті болды. 1998-2005 жылдары Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Үндістан мәдени орталығында бхаратанатьям үнді класссикалық биінің хореографы және орындаушысы, 2004 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің мүшесі болды. Алтын медалімен марапатталған және орындаушылық өнер түрлері бойынша өткен 7-ші Әлем чемпионатының «Этникалық би» номинациясында «Әлем чемпионы-2003» деген атағы бар (Голливуд, АҚШ); «Мәдениет қайраткері» Құрмет белгісімен және медалімен марапатталған (2008). Афинадағы XVIII Халықаралық би конгрессінің сертификатын және конгресстің жұмысына белсенді қатысқаны, кәсіби би шеберлігі үшін берілген «Дора Стратоу» грек биі Ұлттық театрының грамотасын алған. Қазақстанда бхаратанатьям үнді классикалық биінің тұңғыш және жеке, кәсіби орындаушысы ретінде есімі «Алматы-2000 Алтын кітабына», Қазақстан рекордтар кітабына (2002, 2003, 2005, 2006, 2007), ЛИМКА үнді рекордтар кітабына (2006) енді. ICCR стипендиаты (Үндістан үкіметінің мәдени байланыстары жөніндегі Үндістан Кеңесі).

44 жыл бұрын (1982) Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қарағанды облысы бойынша өкілі Азамат Неғматоллаұлы ТЛЕШЕВ дүниеге келді.

Фото: yk.kz

Павлодар қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарғанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Орталық аумақтық көлік прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінде заңдылықты қадағалау бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 2006-2008 жылдары Орталық аумақтық көлік прокуратурасының Ақмола көлік прокурорының көмекшісі, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының әкімшілік істер және атқарушылық өндіріс заңдылығын қадағалау бойынша көмекшісі, 2008-2009 жылдары Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықты қадағалау бойынша аға көмекшісі, 2009 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саласындағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы болды. 2009-2012 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданы прокурорының орынбасары, 2012-2014 жылдары Қарағанды облысының Қаражал қаласының прокуроры, 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды облысы Қарағанды қаласы Октябрь ауданының прокуроры болды. 2018-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қазан айынан бастап атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1983) «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Данияр Азмұханбетұлы АХМЕТЖАНОВ дүниеге келді.

Фото: spkshymkent.kz

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында туған. 2002 жылы Семей қаржы-экономикалық колледжін, 2006 жылы Семей мемлекеттік университетін, 2008 жылы Семей мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2009 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің орталық аппаратында бас сарапшы, аудит және қаржылық бақылау әдіснамасы басқармасының басшысы, 2010-2011 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының бас сарапшысы, 2012 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бақылау іс-шараларын талдау мен жоспарлаудың қорытынды секторы, 2013-2017 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының Қаржы-экономикалық бөлімшесі, бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» ММ басшысының орынбасары болды. 2016-2020 жылдары «G-Global Халықаралық Хатшылығы» қауымдастығы басшысының қоғамдық кеңесінде қызмет етті. 2019 жылы ҚР Президенті Іс Басқармасының қаржылық-экономикалық бөлімінің меңгерушісі, 2022-2023 жылдары Шымкент қаласы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың маусым айынан бастап атқарып келеді.

42 жыл бұрын (1984) «Қазақстангың Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Талғатұлы ЕЛІБАЕВ дүниеге келді.

Фото: ҚР Үкіметі

2005 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2004 жылы Халықаралық бизнес академиясында оқыды, мамандануы – MBA бағдарламасының басқару модулі (кәсіптік менеджер). 2008-2009 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасының шеңберінде London Business School мектебінде оқудан өтіп, қаржы магистрі дәрежесін алған (корпоративтік қаражат). Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі.

Еңбек жолын 2004 жылы Deloitte «үлкен төрттігі» компаниясында аудитор және аға аудитор болып бастап, онда металлургия, тау-кен өнеркәсібі, мұнай және газ, көлік және логистика салаларындағы, сондай-ақ мемлекеттік компаниялардағы жобаларға аудит өткізді. 2007-2010 жылдары PricewaterhouseCoopers компаниясында Қосу және сіңіру бөлімінің менеджері, 2010-2014 жылдары CITIC Kazyna Investment Fund I L.P компаниясында инвестициялық директор/вице-президент, 2014 жылдан бастап Еуразия, Орта Шығыс және Африка Энергетика департаментінің, Еуропалық қайта құрылымдау және даму банкінің (ЕҚДБ) бас банкирі лауазымын атқарып, онда Қазақстанда жаңғыртылған энергия көздері бойынша ЕҚДБ бағдарламасын дамытуға жауапты болды. 2022-2024 жылдары «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2023 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы лауазымын атқарған.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келеді.

92 жыл бұрын (1934-2012) түркітанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы АМАНЖОЛОВ дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітірген.

1957-1966 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, 1966-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметінде болды. 1979 жылдан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде істеді. 1986-1987 жылдары Орталық Ұлттар институтында (Бейжің), 1993-1994 жылдары Қара теңіз техникалық университетінде (Трабзон, Түркия) түркітанудан, қазіргі қазақ тілінен дәріс оқыды.

А.Аманжоловтың ғылыми зерттеу еңбектері негізінен көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелеріне, тіл типологиясы мен графикалық лингвистикаға арналған. Ғалымның түркі филологиясына және тіл біліміне арналған 200-ге жуық мақаласы, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген 7 монографиясы бар. Бірқатар жарияланымы ағылшын және түрік тілдерінде басылған. Халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Ол 17 филология ғылымының кандидатын және 1 докторын даярлаған.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер.