2 мыңнан 125 мың теңгеге дейін: Қазақстанда желдеткіштер қанша тұрады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жазда аптап ыстықтың күшеюіне байланысты желдеткіштерге сұраныс артып, олардың бағасы да көпті қызықтырып отыр. Қазақстан өңірлеріндегі бағаға талдау жасап, қай қалада бұл тұрмыстық техниканы ең арзан, ал қай аймақта әлдеқайда қымбат сатып алуға болатынын біліп көрдік.

Фото: Kazinform/ЖИ

Елімізде үстелге қойылатын желдеткіштердің бағасы 2 мыңнан 54 990 теңгеге дейін, ал еденге қойылатын үлгілердің құны 5 мыңнан 125 мың теңгеге дейін жетеді.

Ең арзан үстел желдеткіштері Қостанай мен Шымкентте сатылады. Мұнда олардың бағасы 2 мың теңгеден басталады. Қызылордада осындай құрылғыны 2,5 мың теңгеден, Таразда 3 мың теңгеден, ал Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Талдықорғанда 4 мың теңгеден сатып алуға болады.

Ал ең қымбат үстел желдеткіштері Өскеменде тіркелген – мұнда олардың бағасы 54 990 теңгеге дейін барады. Одан кейін Семейде – 50 мың теңгеге дейін, Ақтау мен Оралда – 45 990 теңгеге дейін, Атырауда – 41 990 теңгеге дейін, Петропавл мен Жезқазғанда – 40 мың теңгеге дейін жетеді. Астанада ең қымбат баға 35 990 теңгені құраса, Павлодар, Қарағанды және Түркістанда – 30 мың теңге. Ал Шымкент, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Алматы, Көкшетау және Қостанай қалаларында баға диапазоны ең төмен деңгейде.

Фото: Kazinform

Еденге қойылатын желдеткіштердің ең төмен бағасы Таразда тіркелген, нақты айтқанда 5 мың теңгеден басталады. Одан кейін Павлодарда – 6,3 мың теңгеден, Ақтөбеде – 6,5 мың теңгеден, Қызылордада – 7 мың теңгеден, Түркістанда – 7,5 мың теңгеден, Талдықорғанда – 8,6 мың теңгеден сатылады. Ал Астана, Алматы, Ақтау, Орал, Өскемен және Семей қалаларында осындай желдеткіштердің бастапқы бағасы 8 990 теңгені құрайды.

Ең қымбат еден желдеткіштері Астанада сатылып жатыр. Мұнда жекелеген үлгілердің бағасы 125 мың теңгеге дейін жетеді. Алматыда ең жоғары баға – 120 990 теңге. Одан кейін Семейде – 90 мың теңгеге дейін, Өскеменде – 89 мың теңгеге дейін, Атырауда – 82 990 теңгеге дейін, Қонаевта – 74 мың теңгеге дейін жетеді. Қалған өңірлерде ең жоғары баға 20 мыңнан 66 мың теңге аралығында құбылады.

Осылайша, Қазақстан өңірлерінде желдеткіштердің бағасы айтарлықтай ерекшеленеді. Егер үстелге қойылатын ең қарапайым үлгілерді 2 мың теңгеге сатып алуға болса, премиум санатындағы модельдердің бағасы 55 мың теңгеге жуықтайды. Ал еденге қойылатын желдеткіштердің құны 5 мыңнан 125 мың теңгеге дейінгі аралықта. 

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда квасты, газдалған сусын мен суды қай қалада арзанға сатып алуға болатындығы жайлы жазғанбыз