Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол биыл маусым айында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілгенін айтты.
Мониторинг барысында еліміздегі мектептердің 99%-ы, яғни 7 121 мектеп қамтылған. Сондай-ақ 6 338 мектеп асханасының, 6 256 медициналық пункттің және 262 мектеп-интернаттың жағдайы зерделенген.
– Оның ішінде 1 168 мектеп пен 45 мектеп-интернаттың асханасында санитариялық-техникалық жағдай талапқа сай емес. Сондай-ақ технологиялық және тоңазытқыш жабдықтар жеткіліксіз, – деді Сархат Бейсенова.
Мұндай кемшілік ең көп Түркістан облысында анықталған – 259. Қарағанды облысында 163, Алматы қаласында 123, Қызылорда облысында 115 жағдай тіркелген.
Комитет төрағасының айтуынша, анықталған кемшіліктердің бір бөлігін білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындық барысында өз күшімен жоя алады. Оған қомақты қаржы қажет емес.
– Дегенмен қаржы бөлуді қажет ететін мәселелер де бар. Олардың қатарында инженерлік желілерді, шатырларды, желдету, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу бар. Бұдан бөлек, асханалар мен медициналық пункттерді жөндеп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, – деді ол.
Сархат Бейсенова анықталған кемшіліктер міндетті түрде жойылып, тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
Бұған дейін Қызылорда облысында мониторинг жүргізілген 279 мектеп асханасының 165-інде санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталғанын жазған едік.