2 мыңнан астам атыраулық кәсіпкердің құқығы қорғалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау прокуратурасы 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады. Мемлекеттік органдардың 300 астам заңсыз акті мен 253 негізсіз тексерудің күші жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының прокуратурасынан мәлім еткендей, биылғы үшінші тоқсанда 2 100 астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, төрт проблемалық мәселе шешімін тапқан.

«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі. Осыған орай Атырау қалалық прокуратурасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін бірқатар шараларды іске асырды. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация Атырау облысы бойынша филиалына қатысты шағын кәсіпкерлік субъектілерін алғашқы тіркеуден заңсыз бас тарту тәжірибесі тоқтатылды. Заңға сәйкес бизнес субъектілерін тіркеуден бас тартуға тыйым салынады. Мемлекеттік органдардың 300 астам заңсыз актісі мен 253 негізсіз тексерудің күші жойылды», -деді қалалық прокуратурадан.

Мәселен, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкері кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеруді тіркемей, құжаттарды сұратып, айғақ беруге шақыртқаны анықталған. Прокурордың қаулысы негізінде заңсыз тексеру жүргізу дерегі бойынша лауазымды тұлға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 175-бабымен әкімшілік жауапқа тартылған.

Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын өрескел бұзған 11 лауазымды тұлға тәртіптік, 5 тұлға әкімшілік жауапқа тарту шарасы қолданылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырау облысында 1 мыңнан астам жұмысшының 586 млн теңге жалақы қарызы өтелгенін жазған едік.