Ал, қалған үш ауданда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Ауа райының қолайсыздығынан электр сымдары үзіліп, 2 мыңнан астам электр баған құлаған. 20 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған.
«Сирек кездесетін құбылыс. Өте қатты жаңбыр, жел, мұз, аяз. Салдарынан облыста 2 мыңнан астам электр бағаналары құлады. Соған байланысты іс-шара жасауымыз керек»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аппарат отырысында.
Табиғаттың тосын мінез танытуынан орын алған апатты жағдайға байланысты штаб құрылып, мәселені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз бақылауына алған болатын. Облыс басшысы зардап шеккен аудан әкімдеріне қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуды тапсырды.
Жиында сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының басшылығы Ордабасы ауданындағы жағдай жақын арада тұрақталатынын жеткізді. Ал, Отырар мен Бәйдібек аудандарында қайта қалпына келтіру жұмыстары бір айға созылмақ.
«Бір ай дегенді естімейтін болайын. Бір аптаның ішінде бәрін орнына келтіру керек»,-деп кесіп айтты Өмірзақ Естайұлы.
Соңғы екі тәуліктен кебір табиғат апатынан болған жағдай бойынша қалыпқа келтіру жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Оқиға орындарында жарық беруші компанияның 20-дан астам бригадасы мен 100-ден астам адамы, 30 техникасы жұмылдырылған.