2 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық еліміздің орталығы мен солтүстігіне қоныс аударғысы келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының 2 мыңнан астам тұрғыны еліміздің орталығы мен солтүстігіне қоныс аударғысы келеді.  Бұл туралы  бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Қазақстан облысы мен 4 өңір арасында 672 отбасының қоныстануы туралы өңіраралық меморандумға қол қойылды. Жалпы, 2 мың адам ұсынылған жұмыс орнына орналасу үшін солтүстік және орталық өңірлерге қоныс аударуға өз еріктерімен ниет танытып отыр», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның мәліметтерінше,   мына өңірлерге қоныс аударуға болады: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Алдағы  біржарым айдың ішінде Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарына қоныс аудару мүмкіншіліктері қарастырылатын болады.

«Азаматтардың еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатында Үкімет қаулысымен азаматтардың көшетін 4 өңірі мен көшіп келуге болатын 7 өңірі анықталды. Ағымдағы жылы оралмандарды қоса алғандағы ішкі көш-қон квотасы 2,7 мың адамға бекітілген. Көшіп келетін өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының өңіраралық жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарланып отыр», - деді министр.