2 наурыз. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/Midjourney

Бүгін, 2 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

52 жыл бұрын (1973) Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Амангелдіұлы МҮБАРАКОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Қызылорда политехникалық институтын «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы экономика және менеджмент», Қызылорда гуманитарлық университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент ауылында жұмысшы болып бастаған. 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы бойынша салық комитетіндегі жауапты лауазымдар атқарды. 2001-2009 жылдары Шиелі ауданы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Қызылорда облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2018 жылдары
Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, 2019-2022 жылдары Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2022-2023 жылдары Қызылорда облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

51 жыл бұрын (1974) Абай облысы полиция департаментінің басшысы Бектөре Жеңісбайұлы СҰЛТАН дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Ванновка ауылында дүниеге келген. 1994 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебін бітірген.

Шымкент қаласының полиция бөлімі бастығының орынбасары, Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Еңбекші аудандық ІІБ бастығы, қызметтерін атқарған. Солтүстік Қазақстан облысы ІІД бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, бастығының орынбасары, Түркістан облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары секілді лауазымды қызметтерде істеген. 2019-2022 жылдары Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы болды.

Қазіргі лауазымын 2022 жылдың шілде айынан бастап атқарып жатыр.

Полиция генерал-майоры (2022).

49 жыл бұрын (1976) Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы МУСИНОВА дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Медведка ауылында дүниеге келген. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Дүниежүзі тарихы» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Жезқазған қаласының ІІБ жеке күзет батальонының сержанты болып бастады. 2009-2010 жылдары Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, 2010-2011 жылдары аталған әкімдікте әлеуметтік-саяси жағдайды талдау бөлімінің меңгерушісі, 2011-2013 жылдары Өскемен қаласы әкімінің әлеуметтік блок бойынша бас инспекторы болды. 2013-2014 жылдары қала әкімінің кеңесшісі, 2014-2020 жылдары Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. 2020-2021 жылдары Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып еңбек етті.

43 жыл бұрын (1982) «Қазақтелеком» АҚ Стратегия және сыртқы активтерді басқару жөніндегі бас директоры Ержан Болатұлы МЕЙРАМОВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Алматы облысында туған. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығымен, 2005 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін экономист мамандығымен бітірген. Лондондағы Корольдік колледжде білім алды, мемлекеттік саясат саласындағы магистр (2013).

Еңбек жолы: 2003-2004 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті құқықтық сараптама бөлімі маманының м.а., 2004 жылы Қаржы министрлігі Заң қызметі департаментінің құқықтық сараптама бөлімінің маманы, 2004-2005 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті салалық заңнама бөлімінің маманы, 2005 жылы Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті салалық заңнама бөлімінің жетекші маманы, 2005-2006 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті салалық заңнама бөлімінің бас маманы, 2006 жылы Қаржы министрлігі Заң қызметі департаментінің салалық заңнама бөлімінің бастығы, 2006-2007 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті Заңнама сараптамасы басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. 2007-2008 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті Заңнама сараптамасы басқармасының бастығы, 2008-2009 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті директорының орынбасары, 2009-2010 жылдары Қаржы министрлігі Кадр жұмысы және құжаттамалық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, 2010 жылы Қаржы министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры, 2010-2011 жылдары Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті директорының орынбасары, 2011 жылы «Қазақстан Даму Банкі» Заң департаменті директорының орынбасары, 2014-2016 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Коммерцияландыру және инвестицияларды тарту департаментінің директоры, 2016 жылы «БТА Секьюритиз» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, Директорлар кеңесінің төрағасы, Алматы қаласы, 2016-2017 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ атқарушы директоры, «Казкоммерцбанк Тәжікстан» ЖАҚ Бақылау кеңесінің мүшесі, 2017 жылы «БТА Секьюритиз» АҚ басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2019 жылдары «Финкрафт инвестициялық үйі» АҚ басқарушы директоры, 2019-2021 жылдары «Кселл» АҚ Құқықтық мәселелер және мемлекеттік органдармен жұмыс департаментінің директоры, 2021-2024 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы болды.

87 жыл бұрын (1938-2007) Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Райымбек Ноғайбайұлы СЕЙТМЕТ дүниеге келді.

Фото: zharar.com

Түркістан қаласында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген. 1970-1971 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсында оқыған.

1959-1960 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының актері, 1960-1980 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, директоры, 1980-1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері басқармасының бастығы, 1982-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» кафедрасын басқарған.

Сахналық өнер жолында Әубәкір (Қ. Байсейітов, Қ. Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай»), Арыстан, Сұңғат (Қ. Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»), Қозы (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Әбіш (М. Әуезов, Л. Соболев «Абай»). Шоқан (С. Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш. Айтматов «Ана - Жер-ана»), Кочкарев (Н. Гоголь «Үйлену»), Люченцио, Кассио (У. Шекспир «Асауға тұсау», «Отелло») секілді әр алуан рөлдерді ойнауда орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Ол режиссерлік қызметпен де шұғылданып, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б. Майлиннің «Неке қияр», Ә. Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т. Әбдіктің «Біз үшеу едік», Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш. Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б. Мұқайдың «Заманақыр» және басқа туындыларды қойған.