2 сәуір. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform / Midjourney

Бүгін, 2 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

56 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Әделұлы ЖАЛҒАСБАЕВ дүниеге келді.

Фото: ҚР Үндістандағы Елшілігі

Ақтөбе облысында туған. 1993 жылы Ресей Федерациясы Петрозаводск мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1993 жылдан бері ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істейді. 1999 жылдан бері ведомствода басшылық қызметтер атқарды. 2003-2004 жылдары ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, халықаралық ұйымдастыру және қауіпсіздік мәселелері департаментінің директоры, 2004-2008 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Еуропа департаментін басқарды. 2009-2015 жылдары ҚР Италия Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-өкілі, 2016-2019 жылдары АӨСШК кәсіби құрамының (дипломатиялық құрам) мүшесі, 2019-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры лауазымын атқарды. 2022 жылдан бері Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративті Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі және Мальдив Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2021-2025 жылдары Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың сәуірінен бастап атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Амангелдіұлы МЕРҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Фото: kazpravda.kz

Павлодар облысында туған. 1999 жылы Ыстанбұл мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары компанияда заңгер, 1999-2001 жылдары Павлодар облысы Әділет басқармасының бас маманы, 2001-2003 жылдары Павлодар облыстық сотының бас маманы, 2003-2007 жылдары Павлодар қалалық сотының судьясы, 2007-2008 жылдары Павлодар облысы Екібастұз қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы қызметінде болды. 2008-2012 жылдары Екібастұз қалалық сотының төрағасы, 2012-2014 жылдары Павлодар қаласы № 2 сотының төрағасы, 2014-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2015-2020 жылдары Қостанай облыстық сотының төрағасы, 2020-2022 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап атқарып келеді.

49 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Владимирович ЦОЙ дүниеге келген.

Фото: mo.qr-pib.kz

Шымкент қаласында туған. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, 2007 жылы «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, Sels College (Лондон), Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін және Халықаралық бизнес академиясын бітірді.

Еңбек жолы: 2001-2007 жылдары Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының хирург-эндоскописі, ҚР ДСМ «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» РМК Ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, 2007 жылдан бастап «Еуразия респираторлық қоғамы» ҚБ Бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының «Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК директоры, 2010-2011 жылдары «ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ММ бастығы, 2011-2014 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «№ 1 қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК бас дәрігері, 2014-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, 2017-2019 жылдары Денсаулық сақтау вице-министрі, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, 2020-2021 жылдары Денсаулық сақтау министрі, 2022-2025 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медицина орталығының меңгерушісі қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

40 жыл бұрын (1986) Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Иракұлы ЕЛЕКЕЕВ дүниеге келді.

Фото: ҚР СІМ

Қазақстан-Британ техникалық университетін (2007), Глазго университетін (2011) бітірген.

Еңбек жолы: 2007-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Инвесторлармен байланыс департаментінің маманы, талдаушысы, аға талдаушысы қызметінде болды. 2012-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ-да түрлі және басшылық лауазымдарды атқарды. 2019-2020 жылдары Әзербайжандағы «Boston Consulting Group» халықаралық консалтингтік компаниясының жобалық басқару бағытының басшысы, 2020-2021 жылдары Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Сараптамалық-талдау тобы басшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары «Альфа-Банк Қазақстан» АҚ Жоба кеңсесінің директоры, 2022-2023 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Активтерді басқару және жобалармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры, 2024-2025 жылдары «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

35 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Андреевич МУН дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Астанада туған. 2014 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Қолданбалы математика және информатика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2014-2017 жылдары «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-да, «Қазпошта» АҚ-да жұмыс істеді. 2017-2018 жылдары ҚР прокуратурасының лейтенанты, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Аналитикалық бөлімінің бастығы, 2019-2023 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да инженер-бағдарламашы, жоба жетекшісі, Big Data жөніндегі басқарушы директор, 2023-2024 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. 2024-2025 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қазан айынан бері атқарып келеді.

85 жыл бұрын (1941-2025) өнертанушы, профессор, сыншы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының басқарма мүшесі Юрий Петрович АРАВИН дүниеге келді.

Фото: kstnews.kz

Ресейдің Тверь қаласында туған. Новосібір консерваториясы тарихи-теоретикалық факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (ғылыми жетекшісі — профессор Б. Ерзакович) бітірген.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыкалық-тарихи және теориялық пәндерден дәріс берген. Педагогикалық қызметін ғылыми-зерттеу және музыкалық-ағарту жұмыстарымен байланыстырған.

«Дыбыстар музейі», «Қазақ музыкасының кіші антологиясы» сияқты танымал телехабарлардың және «Тотем» радиосындағы «Дала шоқжұлдызы» циклдық хабарлардың авторы.

«Абай жадына арналған лирикалық поэма», «Қазақстанның симфониялық поэмаларының тақырыбы мәселесі туралы», «Халық қаћармандары туралы үш поэма», «Мұқан Төлебаевтың „Қазақстан“ поэмасы», «Қазіргі заманғы ұйғыр симфониясының бастама көздері», «Әндік симфонизм тарихына», «Дала шоқжұлдызы: қазақ музыкасы туралы очерктер мен этюдтер» тағы басқа шығармалары қазақтың өнертануына қосылған өлшеусіз үлес болып саналады. Жалпы, 100-ден астам жарияланым авторы.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын (1948-2025) кинорежиссер, сценарист, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тілеуғабылұлы ТӘУЕКЕЛ дүниеге келді.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Павлодар облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген.

Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясы мультипликациялық бірлестігінің директоры болып бастаған. 1973-1974 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі, 1974-1990 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1993 жылдары шығармашылық жұмыста болған. 1993-1999 жылдары «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының тең төрағасы, 1999-2001 жылдары Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры, 2001-2004 жылдары «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясы» жабық акционерлік қоғамының бас продюсері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы қызметінде болды.

«Армысың, Наурыз!», «Біздің киіз үй», «Террордың қанқұйлы іздері», «Асанәлі», «Сәтбаев» және басқа да деректі фильмдердің, «Батыр Баян», «Бір бала» көркем фильмдерінің режиссері.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.