2 шілде. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 2 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда дипломатиялық қызмет күні
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы шілденің 1-індегі «1998 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Дүниежүзілік Уфологтар күні
2 шілдеде бүкіл әлемде Беймәлім ұшатын объект күні немесе Уфологтар күні (БҰО - Беймәлім ұшатын объект күні, Unidentified Flying Object) атап өтіледі.
Халықаралық спорт журналистері күні
Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының бастамасымен 1995 жылдан бастап аталып өтеді. Дәл осы күні Халықаралық спорт журналистерінің қауымдастығы (ағылшынша International Sports Press Association - AIPS) құрылған болатын. Нақты айтқанда, AIPS 1924 жылы 2 шілдеде құрылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар» туралы заңы қабылданды.
1998 жылы 2 шілдеде Әскери-әуе күштерін құру туралы директиваға қол қойылды. Содан бері Әскери-әуе күштері Қазақстанның әуе шебін күзетеді.
1999 жылы Астрахан қаласынан бұрғылау баржасы суға түсірілді. Бұл шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Фариза Оңғарсынова қатысып, бұрғылау баржасына «Сұңқар» есімін берді.
Баржаның ұзындығы - 85, ені - 53 метр, бұрғылау мұнарасын қоса есептегендегі биіктігі - 50 метр, салмағы - 10000 тонна. Сұңқардың бірінші бұрғылау жұмыстары Шығыс Қашағаннан бастау алды.
2010 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының №4 домна пешінде Қазақстан Магнитінің 50 жылдығына орай, мерейтойлық шойын шығару салтанаты өтті.
2011 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында әлемде жалғыз экшн жанрындағы кинофестивалінің тұсауы кесілді. Бұл кинофестивальдің негізін салушы және президенті – танымал режиссер, продюсер Тимур Бекмамбетов.
2013 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ғарыш агенттігіне бағынысты «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Алматы облысының Іле ауданында орналасқан ғарыштық инфрақұрылымның жаңа нысанына ие болды. Жаңа нысан халықаралық стандарттарға сай ең заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған.
2013 жылы Қазақстанның шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толуына арналған маркаларды айналымға енгізу рәсімі өтті. Пошталық маркада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және мемлекеттік ту фонындағы Қазақстанның территориялық бедері күн сәулесімен бейнеленген, оның астында қалықтап ұшқан қыран құсы. Көркемдік блок жиегінде Қазақстан Республикасы дипломатиялық байланыс орнатқан мемлкеттердің тулары бейнеленген.
2014 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ашылды. Бұл - Орталық Азиядағы бірегей жоба. 74 мың шаршы метрден астам аумақта Қазақстанның археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени ескерткіштері жиналған. Ұлттық музейде Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, алтын залы, көне және ортағасырлық тарих залы, тарих залы, этнография залы, қазіргі заман өнері залы бар.
2016 жылы қазақстандық археологтар біздің эрамызға дейінгі І ғасырдағы отбасылық қазбаларды тапты. Олардың ДНҚ құрамын анықтау үшін арнайы жапон генетиктері шақырылды. Бұдан өзге, археологтар Берел қорымдарындағы Патшалар алқабынан біздің эрамызға дейінгі III-IV ғасырлық мұраларды және патша отбасының зиратын тапты.
2017 жылы қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландин Болгарияда өткен ашық чемпионатта екінші медаль иеленді. Ол 50 метрге жүзу бойынша «қола» жүлде жеңіп алды. Бұған дейін ол 100 метрге жүзіп, алтын медаль еншілеген болатын.
2018 жылы Астана БҰҰ бастамасымен «Ақылды» тұрақты қалалар тұрғызу мақсатына күш біріктіру» жобасына кіру туралы ресми хат алды. Астананың жаңа халықаралық бастамаға кіруін растайтын хатты Astana Innovations басшысы Әлішер Әбдіқадыров алды.
2018 жылы Тәуелсіздік сарайында «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің I форумы өтті. Форумға қатысушылар «Белдеу мен жол» жобасында аймақтағы экономикалық байланыстың жаңа тетіктерін, осыған тартылған елдердің экономикалық дамуын, мәдени салада және басқа да бағыттарда ой алмасты.
Достық символы ретінде «Жібек жолының Алтын көпірі» архитектуралық кешенінің іргетасын қалау тарихи оқиға болды. Көпірдің ұзындығы – 28 метр. Ол жаһандық қоғамдастықтың ортақ тағдыр, ортақ мүдделері мен ортақ жауапкершілігін құру туралы арманын бейнелейді.
2019 жылы Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық төрелік орталығы ашылды. Бұл рәсімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Аталған құқықтық институттар ағылшын құқықтық қағидасы негізінде жұмыс істейді.
Astana Finance Days халықаралық форумы аясында өтіп жатқан шарада қаржы орталығының бір жылдық жұмыс нәтижесі қорытындыланып, орталықты басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Президент форумға арнайы келген бірқатар делегаттармен кездесу өткізіп, қаржы орталығын ары қарай дамытуға бағытталған нақты мәселелерді талқылады.
2021 жылы Тель-Авивтегі (Израил) танымал туристік аудандардың біріндегі саябақта, теңіз порты жағалауында қазақ киіз үйінің экспозициясы ашылды.
2022 жылы елордада Ғабит Мүсірепов көшесіндегі 7 мекенжайында қабырға суреті салында. «Бейбітшілік» муралының кескінін дарынды суретші Мағира Тілеубердина салды.
2023 жылы Тегеранда (Иран) 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы бірінші санаттағы беделді ITF Juniors сериялы турнирі аяқталды. Қазақстандық спортшылар жеке және жұптық сайыстарда өнер көрсетті. Жекелей сында Ақтау теннис мектебінің оқушысы Даниал Рахматуллаев жеңіске жетті. Ол финалдық кездесуде жарыстың бірінші ракеткасы ресейлік Дмитрий Бурцевті 6:3, 6:3 есебімен ұтып, сенсация жасады. Жартылай финалда Даниал жерлесі Әмір Омархановтан (5:7, 6:3, 7:5) мықты болып шықты.
2024 жылы Kazinform ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Қытай мен Қазақстан: жаңа көкжиектерге ортақ ұмтылыс» атты мақаласын жариялады, онда Си Цзиньпин «Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының басым бағыттарын белгілеу және ШЫҰ-ны одан әрі дамыту» ниетін жазған. "ҚХР Президенті ретінде мен сіздің еліңізге бесінші рет келіп отырмын. Қазақстанның жарқын мәдениеті, оның керемет пейзаждары, ақкөңіл және қонақжай халқы – осының бәрі маған әрқашан ерекше жанашырлық сезімін оятады. Алдағы сапар мені тек жақсылық күтуге мүмкіндік береді. Жаңа Қазақстанның келбеті мен жетістіктерін, сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты ынтымақтастықтың ең өзекті тақырыптарын талқылау, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының басым бағыттарын белгілеу және ШЫҰ-ны одан әрі дамыту», - деді Си Цзиньпин.
2024 жылы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Елорда әуежайында Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Әуежайда мейманның құрметіне құрметті қарауыл сап түзеп тұрды. Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы шынайы достықтың белгісі ретінде Си Цзиньпин мен ресми делегация мүшелерін екі елдің туын ұстаған балалар қытай тілінде ән шырқап қарсы алды. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды. Си Цзиньпин елге президент Тоқаевтың шақыруымен келді. Бұл Қытай басшысының Қазақстанға бесінші сапары.