2 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына 2 тамызға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2016 жылы Астанада белгілі спортшы, ең көп титулға ие полиция полковнигі, ІІМ құрама командасының капитаны Серік Нұрғалиевке «Қазақстанда полицей бауырмалдығы идеясын ілгерілеткені үшін» медалі табысталды.

Запастағы полиция полковнигі Серік Нұрғалиев Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің он мәрте чемпионы және рекордшысы, құқық қорғау органдары арасындағы Еуропа чемпионы, құқық қорғау органдары арасындағы әлемдік біріншіліктердің 31 алтын, 5 күміс және 3 қола медальдарының иегері.

2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы есебінің мәліметтеріне сәйкес Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша Азия елдері арасында 7-орынға ие болды. Бұл ретте БҰҰ жаһандық рейтингінде ТМД-дағы барлық елдерден озып, Қазақстан 33-ші сатыға орналасты.

БҰҰ электрондық үкіметті дамыту индексі – азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану мүмкіндігін және әзірлігін бағалайтын кешенді көрсеткіш.

2016 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойды. Париж келісімі – БҰҰ-ның Климат өзгеруі жөніндегі конвенциясы аясындағы 2020 жылға қарай атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газын азайтуға бағытталған құжат. Париж келісіміне 175 ел қол қойды.

2019 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең Түркістан» атты ақпараттық туры өтті.

Жобаның мақсаты – өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды таныстыру, насихаттау, танымалдығын арттыру, тарихи сананы жаңғырту және ішкі туризмді дамыту.

БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері баспасөз туры аясында өңірдегі 40 киелі орынға саяхат жасап, жұртшылыққа насихаттады.

2021 жылы Батыс Қазақстан облысынан келген Райяна Ақдавлетова 70,3 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ММА бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. София қаласында (Болгария) өткен чемпионатқа 23 елден 300-ден астам спортшы қатысты.

2021 жылы Қазақстан мен Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі Еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.