2 тамыз: Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 2 тамыз күні тұлғалардан кім дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

66 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы ҚАСЫМБЕКОВ Махмұд Базарқұлұлы дүниеге келді. 

Жамбыл облысының Шу қаласында туған. Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді. 1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті. 1990 жылдан - Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдың наурызынан - Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда.
М.Б.Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол - 25-ке тарта кітаптың авторы, телавторы және құрастырушысы. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, 7 медальмен марапатталған. 

64 жыл бұрын (1954-2000) белгілі әнші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі ЕРӘЛИЕВА Мәдина Есмалайқызы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетін бітірген. 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды. Нәзік те сыршыл үн, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Айқарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», тағы басқа көптеген әндері мен «Кірмеші жиі түсіме», «Сағым жылдар» сияқты қазіргі қазақ композиторларының әндері М.Ерәлиеваның өзіне тән ғана әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақышты бояуымен халық жадында қалды. Ол халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты.

62 жыл бұрын (1956) «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары ЛЮТОВ Владимир Викторович дүниеге келді.

1983 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын «инженер-құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

1973 жылы Целиноград жол-құрылыс материалдары комбинаты және ТБК, дәнекерлеуші-арматурашы. 1983 жылы - «Целиноградтяжстрой» тресі, «Отделстрой» құрылыс басқармасы шебер, прораб, учаске бастығы. 1985 ж. - «Целиноградсельмаш» өндірістік бірлестігі, Күрделі құрылыс басқармасының бастығы. 1988 ж. - «Целиноградтяжстрой» тресінің. «Проминдусстрой» құрылыс басқармасында қызмет етті, 1992 - 1996 жылдары - «Целиноградстройинвест мемлекеттік фирмасының бас директоры. 1996 - 1998 жылдары - «Целинстрой» ҚК бас директоры. 1998 ж. - ҚР Сыртқы істер министрлігі. 2006 жылы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры, 2008 жылы «Астана қаласы Құрылыс басқармасы» ММ бастығы болып тағайындалды. 2015 жылғы 15 маусымнан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1969) қазіргі бессайыс пен су астында бағдарлаудан еңбек сіңірген спорт шебері, суға жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазіргі бессайыстан үш дүркін Азия чемпионы ШУМИЛОВА Людмила Григорьевна дүниеге келді. 

Алматы облысында туған. Жаттықтырушысы - В.Васильев. Спортшы 1984-1993 жылдары аралығында КСРО мен ТМД кубогы мен біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Л.Шумилова ХХ ғасырдағы әлемнің ең мықты бессайысшыларының бірі. Қазақстан Республикасының 25 рет рекордын жаңартқан. 19 елде өткен қазіргі бессайыс пен су астында жүзуден ашық біріншіліктерге қатысып, бірнеше дүркін чемпион болды. Қазіргі бессайыстан Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. «Құрмет» орденімен марапатталған.

48 жыл  бұрын  (1970)  VI шақыртылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі КЛИМЕНКО Иван Иванович    дүниеге келді.  

 

Қостанай облысы Жітіқара ауданының Мықтыкөл кентінде туған.

 Білімі - жоғары. 1987-1994 жылдары - Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде дәрігер-педиатр мамандығы бойынша білім алған. 2011 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ЕМВА - атқарушы іскерлік әкімшілік ету магисрі атағын алды. 2007-2012 жылдары - Омбы мемлекеттік медициналық академиясында білім алған, фармацевт-провизор мамандығы берілді.

 Еңбек жолын 1994 жылы «СТОМЕД» компаниясының өнімдерін тарату саласында бастаған, Қостанай қ. 2008-2014 жылдары - «Стофарм» ЖШС президенті. 2003-2016 жылдары - "Цветная" ұлттық дәріханалар желісінің құрылтайшысы. 2015 жылы Қостанай облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған.


46 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары ЖҰМАҒАЛИЕВ Асқар Қуанышұлы дүниеге келді.

Орынбор облысында туған. Свердловтағы Суворов училищесін, Харьков ракета әскерлерінің жоғары командалық-инженерлік училищесін, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.

Лозаннадағы Швейцария Федералды технология институтының электронды басқару бойынша шебер дәрежесі бар (Ecole Polytechnique Federale de Lausanne - EPFL). «Жарық» ЖШС бас директоры; Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде Байланыс саласындағы мемлекеттік қадағалау басқармасының бастығы, Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі құрылған сәттен бастап төраға орынбасары, 2004 жылдың қыркүйегі мен 2005 жылдың қаңтары аралығында төраға міндетін атқарды. 2005 жылдың мамырынан Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2006 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 2006 жылдың 11 қазаннан 2010 жылдың наурызына дейін «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасы. 2010 жылғы 12 наурыздан 2012 жылғы 20 қаңтарға дейін ҚР Байланыс және ақпарат министрі қызметін атқарды.

2012 жылғы 20 қаңтарда ҚР Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. 2014 жылдың наурызынан ҚР Ақпарат және байланыс агенттігінің төрағасы болған. 2015-2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың тамыз айынан бастап.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 2005 жылы «Құрметті байланысшы» атағы берілді, Ю.А.Гагарин медалінің иегері. 2009 ж. «Құрмет» орденімен марапатталды.

40 жыл бұрын (1978) «Мемлекеттік аннуитетті компания» АҚ басқармасының төрағасы АМЕРҚОЖАЕВ Ғалым Ташмұханбетұлы дүниеге келді. 

Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған; SABIT бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен.

Еңбек өтілі: «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ қызметкері (1999-2007);   «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру компаниясы» АҚ мемлекеттік даму институтының басшысы (2007-2012), «Астана-финанс» СК» ДК төрағасы, «Астана-финанс» КСЖ» АҚ (2010-2011); «БТА Сақтандыру» банкінің БТА ЕК» АҚ сақтандыру компанияларында Директорлар кеңесінің мүшесі.