2 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform

Бүгін, 2 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1960) Аралды құтқару Халықаралық қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Тұтқышбайұлы ОРАЗБАЙ дүниеге келді.

Фото: ecifas.kz

Қырғыз Республикасының Фрунзе (қазіргі — Бішкек) қаласында туған. Ташкент мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген.

1985-1990 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Телерадио комитетінің редакторы, 1990-1992 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, факультет деканының орынбасары, 1992-1994 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс департаментінің екінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің көмекшісі, 1994-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, 1999-2001 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі екіжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2001-2002 жылдары БҰҰ арнайы миссиясының Исламабад қаласындағы Ауғанстан жөніндегі саяси кеңесшісі, 002-2003 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Африка, Таяу Шығыс және Азия департаментінің директоры, 2003-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы, 2006-2008 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қызмет жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметтерін атқарған. 2008-2012 жылдары — Түрікменстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі. 2012-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Индонезиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымын қоса атқарушы, 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызмет атқарған.

2024 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚР Президентінің алғыс хатын алған.

63 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Бердібек Қуанұлы МЕЙІРБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Шымкент облысында туған. 1992 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің қаржы және несие факультетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты (2004).

Еңбек жолы: 1983-1988 жылдары КСРО Мембанктің Созақ ауданы бөлімшесінде 2-ші разрядты сарапшы-кассирі, 1988-1992 жылдары «Агропромбанк» ақша айналымы жөніндегі уәкіл, 1992-1995 жылдары «Қазақстан Әлембанкі» АҚ басқармасында жетекші экономист, бас экономист, басқарма бастығы, тераға орынбасары, 1995-1998 жылдары дамыту және ынтымақтастық Орталық Азия банк вице-президенті (Алматы қаласы) қызметін атқарған. 1998-1999 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Құжаттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1999-2012 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Қаржы-шаруашылық және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, 2012-2014 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Құжаттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған.

2023 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Ерен еңбегі үшін» (2005), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Нұрғалиқызы ЖЕКСЕНБАЙ дүниеге келген.

Фото: senate.parlam.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша; Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері институтын құжат жүргізу ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша бітірген, Халықаралық Бизнес Академиясының бизнес басқару магистрі.

Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары «Спорт» республикалық газетінде тілші, 1993-1994 жылдары республикалық қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газетінде тілші, 1994-1996 жылдары «Атамұра» апталық газетінің тілшісі, 1996-2007 жылдары «Хабар» агенттігінің Астана қаласы бойынша орталық бюросында редактор, тілші, продюсер, директор орынбасары, 2007 жылы «Қазақстан» теле-радио корпорациясында ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясының директоры болып қызмет атқарған. 2007-2008 жылдары «Қазақстан» РТРК ұлттық телевидениесі бас директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары «Эра» телеарнасының бас директорының орынбасары-бас редакторы, 2010-2011 жылдары «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры, 2011-2016 жылдары «Жетінші арна» Директорлар кеңесінің төрайымы, 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесшісі, 2019 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры қызметінде болды. Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Бас редакторлар клубының президенті.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» ордені, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған және «Мәдениет қайраткері» атағының иегері, «Жыл адамы-2006» атағының иегері.

44 жыл бұрын (1981) Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Бисенғалиұлы МУРЗИЕВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Қазақ гуманитарлық-заң университетін («заңгер» мамандығы), Т. Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетін («экономист» мамандығы) бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы Атырау табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. 2004 жылы Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, 2006-2009 жылдары заңгер, түрлі компаниялардағы қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер қызметін атқарды. 2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімінің аппаратында әкімнің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының бөлім басшысы, Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі, 2012 жылы Атырау облысы әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі орынбасары, 2013 жылы Атырау облысы Тексеру комиссиясының төрағасы, 2017-2023 жылдары Исатай, Құрманғазы аудандарының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.