2 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Фото: Фото: коллаж Kazinform

Бүгін, 2 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

63 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Асхат Тұтқышбайұлы ОРАЗБАЙ дүниеге келді.

Қырғыз Республикасының Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында туған. Ташкент мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген.

1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Телерадио комитетінің редакторы. 1990-1992 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, факультет деканының орынбасары. 1992-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс департаментінің екінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің көмекшісі. 1994-1999 жылдары - ҚР Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 1999-2001 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігі екіжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 2001-2002 жылдары - БҰҰ арнайы миссиясының Исламабад қаласындағы Ауғанстан жөніндегі саяси кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігі Африка, Таяу Шығыс және Азия департаментінің директоры. 2003-2006 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы. 2006-2008 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР Шанхай ынтымақтастық ұйымында ұлттық үйлестіруші қызметтерін атқарған. 2008-2012 жылдары - Түрікменстандағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі. 2012-2015 жылдары - ҚР Индонезиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болды. 2015 жылдан бастап - ҚР Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымын қоса атқарушы.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚР Президентінің алғыс хатын алған.

62 жыл бұрын (1961) Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Әмірғалиұлы ЖАНҒАЗИН дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1979-1980 жылдары қой өсіретін кеңшарда жұмысшы, 1982 жылы Қалтоға қой өсіруші кеңшарында құрылысшы, 1987-1989 жылдары Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан сусындар шығаратын өндірістік бірлестігінің заң кеңесшісі, 1989-1993 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласындағы прокуратураның аға тергеушісі, Алматы қаласы Әуезов ауданы прокурорының көмекшісі, 1993-1995 жылдары ҚР Бас прокуратурасы сот актілерінің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, ҚР Прокуратурасы Кадрларды басқару прокуроры, 1995-1996 жылдары Алматы қалалық соты мүшесінің міндеттерін атқарушы, 1996-2013 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 2013-2015 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық сотының төрағасы, 2015-2018 жылдары Павлодар облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сотының алқа төрағасы, 2018-2021жылдары Шымкент қаласы қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы қызметін атқарды.

2021 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

61 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Бердібек Қуанұлы МЕЙІРБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан) туған. 1992 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің қаржы және несие факультетін бітірген, экономист. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін экономист мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық заң университеті бітірген.

Еңбек жолы: 1983-1988 жылдары Мемлекеттік банктің Созақ бөлімшесінің кассирі, 1988-1992 жылдары Қазагропромбанк филиалының басшысы, 1992-1995 жылдары «Әлем Банк Қазақстан» ЖАҚ бас экономист, бөлім бастығы, басқарма төрағасының орынбасары, 1995-1998 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің вице-президенті, 1998-1999 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1999-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі, 2012-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Қаржы-экономикалық және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Нұрғалиқызы ЖЕКСЕНБАЙ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша, Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері институтын құжат жүргізу ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша бітірген. Халықаралық Бизнес Академиясының бизнес басқару магистрі.

Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары «Спорт» республикалық газетінде тілші, 1993-1994 жылдары республикалық қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газетінде тілші, 1994-1996 жылдары «Атамұра» апталық газетінің тілшісі, 1996-2007 жылдары «Хабар» агенттігінің Астана қаласы бойынша орталық бюросында редактор, тілші, продюсер, директор орынбасары, 2007 жылы «Қазақстан» телерадио корпорациясында ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясының директоры, 2007-2008 жылдары «Қазақстан» РТРК ұлттық телевидениесі бас директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары «Эра» телеарнасы бас директорының орынбасары - бас редакторы, 2010-2011 жылдары «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры, 2011-2016 жылдары «Жетінші арна» директорлар кеңесінің төрайымы, 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесшісі, 2019 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры болды. Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Бас редакторлар клубының президенті.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» ордені, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған және «Мәдениет қайраткері» атағының иегері, «Жыл адамы-2006» атағының иегері.

42 жыл бұрын (1981) Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Бисенғалиұлы МҰРЗИЕВ дүниеге келді.

Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандығы бойынша, Т. Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы Атырау қаласының табиғат қорғау прокурорының көмекшісі болып бастады. 2004 жылы Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, 2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратында әкімнің кеңесшісі, 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы, аудандық білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінде, Атырау облысы әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, 2017-2023 жылдары Исатай, кейін Құрманғазы аудандарының әкімі болды.

2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.