20 ақпанға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлерде қар түсіп, жел күшейіп, боран соғып, жер көктайғақтанып, тұман түсуі ықтимал, деп хабарлайды «Қазгидромет».

Жамбыл облысында тұман түсіп, көктайғақ болады, жел екпіні 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде де жел күшейеді. Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде боран соғады, тұман түседі, көктайғақ болады, желдің күші 15-20 м/с жетеді. Алматы облысында да тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді. Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында 15-22 м/с дейін жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ болады. Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында тұман түседі. Алдағы күндері оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінің жекелеген өзендерінде ауа температурасының көтерілуіне байланысты біртіндеп мұз еруі мүмкін. Сырдария өзенінде, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының кей өзендерінде су деңгейінің тербелуі байқалуы ықтимал.